Білім

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі өндіріске енгізілуде

 

 

 

 

 М. Қозыбаев атындағы СҚМУ “Энергетика және машина жасау” факультетінде ғылыми-зерттеу жұмыстары үш бағытта жүргізіледі. Атап айтсақ: инженерлік-технологиялық үрдістерді жаңадан құрып, жетілдіру, электроэнергетикалық кешендер мен энергия үнемдеу технологияларын автоматты басқару, қазіргі заманғы нысандар мен жүйелерді сараптап, теңдестіру. Бұл мақсатты жүзеге асыруда факультетте заманауи құрылғылармен жабдықталған 27 зертхана бар.

 Қайрат Кошеков, “Энергетика және машина жасау” факультетінің деканы:
– 20 жылдың ішінде еліміздің білім және ғылым саласы қайта жанданып, жаңа кезеңге көшті. Онсыз әлеуеті, экономикасы дамыған тәуелсіз мемлекет құру мүмкін емес. Білім мен ғылым заман ағымымен қатар адымдап өсіп келеді. Бұның айғағы – біздің зертханаларымыздың мүмкіндіктері мен қуаттылығы жыл санап артып келеді.  

Шағын бейнекамера орнатылған құрастырғыш робот   ауыр машина жасау саласында дәлділігімен кеңінен танылған. Бұл құрылғының 10 есе кішірейтілген макеті. Көлемі әлдеқайда шағын болғанымен негізгі сипаттамалары нақты сақталған. Университеттегі  ғылыми- зерттеу жұмыстары негізінде облыстың ірі кәсіпорындары заманауи технологияларды өндіріске енгізіп келеді. Соңғы он жылда “Энергетика және машина жасау” факультеті 10-н артық жаңа құрылғыны патенттеп үлгеріпті.

Қайрат Кошеков, “Энергетика және машина жасау” факультетінің деканы:
-“Петропавл ауыр машина жасау зауытының” кесу құрылғыларына автоматтандырылған диагностика және бақылау жүргізу мен гальваниклық өндірісінде мұнайгаз құрылғыларын басқару жүйелерін іске қосуға септестік. “ЗИКСТО” АҚ бұрылып көтеретін гидродинамикалық нысандарын автоматтандыруға, дөңгелекті жұптарының индукциялық қызу кезіндегі өндірістік желілік жөндеу жұмыстарын жасауда көмегіміз тиді.  

Нәби Нәбиев “Радиоэлектроника және телекоммуникация” кафедрасының аға оқытушысы. Оның “Теміржол нысандарының доңғалақ жұптарының диагностикасы” тақырыбындағы зерттеулері “ЗИКСТО” зауытымен бірлескен жұмыстың жүзеге асуына септесіпті. Бұл еңбегімен биыл техника ғылымдарының кандидаты диссертациясын сәтті қорғап шықты.

  Нәби Нәбиев, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ “Радиоэлектроника және телекоммуникация” кафедрасының аға оқытушысы:
– Білім беру саласында кафедра оқытушылары инновациялық әдістерді кеңінен пайдаланады. Кафедра зертханалары қазіргі заманға сәйкес құралдармен жабдықталған. Мысалы микропроцессор, микроконтролер МСS-51 жаңа контролерін зерттейді. Кафедрада National Instruments компаниясының жабдықтары бар. Олар арқылы Lab VIEW бағдарламасын қолданып, тәжірибе жұмыстары жүргізіледі.

Соңғы 5 жылда факултетте ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын зертханалар 1 доктор, 5 техника ғылымдарының кандидаты мен 10 магистрге толығыпты. Жыл сайын ғылымға бет бұрған кемінде 5 студенттің жобалары республикалық байқауларда үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Жалпы зертханалардың  жастарға болашақ мамандығының қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтауына берері мол дейді студенттер.

  Нұрсұлтан Садық, Қозыбаев атындағы СҚМУ “Энергетика және машина жасау” факультетінің студенті:
– Осылайша заманға сай құрал-жабдықтармен білім алып жатырмын. Олардың бізге пайдасы көп, әрі қызықты. Мысалы, мен қазір мына тәжірибелік жұмысымда тізбекті компьютер арқылы көріп сипатын, өлшемін алып жатырмын.  

Жыл сайын “Энергетика және машина жасау” факультеті 5 бірдей инженер-техникалық мамандықтар бойынша 150-ден астам білікті маман шығарады екен.

Жеңіс Ермұқанов