Білім

Энергия үнемдейтін шамдар туралы не білеміз?



 

Данияр Уәлиев – қалалық классикалық гимназияның физика және информатика пәндерінің мұғалімі. Ол тұрғын үй шаруашылығы саласындағы энергетика және ресурс сақтау республикалық ғылыми жобалар сайысының үшінші жүлдесіне ие болды. Бұл еңбегінде облысымызда энергияны 5 есе үнемдейтін   шамдарды қайта өңдейтін кәсіпорын құрудың маңыздылығын дәделдеген.

 Данияр Уәлиев, қалалық классикалық гимназияның физика және информатика пәндерінің мұғалімі:
– Біздің қалада қарасақ сауда орындарында нұр шамдарына самсап тұр. Бір- екі жылдан кейін қалада нұр шамдарының істен шығуы көбейе бастайды. Егер сынатын болса, сынаптың буы ауаға тарайды. Бір шамның өзі сынса ауадағы сынаптың мөлшері 10 есеге артады, Қаламызда қайта өңдейтін орындар мүлдем жоқ.

Бұл игі істі кеңінен жүзеге асырып жүрген еуропа елдері жылына 10 млрд. еуроға дейін үнемдейді екен. Қазір жоба қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінде қаралып жатыр.

 Данияр Уәлиев, қалалық классикалық гимназияның физика және информатика пәндерінің мұғалімі:
 – Біз осы жазда «Нұр Отан» өткізген жастар инновациялық лагеріне қатыстық. Онда Қазақстанның талантты жастары келді. Барлығы тұнып тұрған лидерлер. Осындай дарынды жастарға Үкімет   қолдау көрсетіп жатыр. Түрлі байқаулар ұйымдастырады. Халықаралық сайыстарда биіктен көрініп жүрміз.

Табиғат пен адам ағзасын зиянды заттардан қорғауға ниет білдірген жыл ұстазы бұл тақырыпты зерттеуге оқушыларды да жұмылдырыпты. Тәлімгері Олжас Құсайыновпен бірлесіп “Құрамында сынап буы бар нұр шамның қаупі мен зардабы” тақырыбында еңбек жазған. Жұмыс қалалық ғылыми жобалар байқауында үздіктердің қатарынан көрінді.

  Олжас Құсайынов, қалалық классикалық гимназия  оқушысы:
– Нұр шам жанып тұрғанда зияны жоқ. Егер де сынып, лақтырылып тасталса, ауаға тарап, жерге сіңеді, су қорын бұзады. Денсаулыққа өте зиянды. Түрлі қоздырғыш аурулар тудыруы мүмкін. Рак ауруына шалдығып қалуға болады. 

Жобадағы сауалнамаға қатысушылардың 90 пайызы нұр шамдарында сынап буының бар екендігін білмейді де екен. Ал 70 пайызы улы заттың ағзаға келтірер зияны жайында ойламапты да. Бір шамның құрамындағы сынап ауаға тараса,  зиянды заттардың үлесін қалыпты мөлшерден 10 есеге арттыратыны дәлелденген. Қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде тың идеяларымен танылған Данияр Уәлиев осы айдың 25-26 күндері елордамыз Астана қаласында ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өтетін халықаралық жас ғалымдар конференциясына қатысушыларды өз жобасымен таныстыратын болады.

 Жеңіс Ермұқанов