Қоғам

Бірлік пен келісім – елдің тұрақты дамуының кепілі

 

 

 

 

 “Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті” деп атап өтті Қазақстан халқы Ассамблеясының 17 сессиясында сөз сөйлеген Елбасы. Алдағы 10 жылдықта барша ұлысты ұйыта түсетін құрал мемлекеттік тіл болмақ. Қазақ тілінің маңыздылығын ел Президенті ассамблея өкілдерінің алдында да атап өтті.

 Раиса Солопова, “Радзіма” беларусь этномәдени орталығының төрайымы:
-Президент 10 жылдан соң Қазақстан халқы мемлекеттік тілде сөйлейтін деңгейге жетуі тиіс деді. Бұл оңай шаруа болмағанымен, ел тұрғындары ол белеске де жетеді деген ойдамыз. Өйткені, бүгіннен-ақ, балабақша тәрбиеленушілері қазақ тілін меңгеріп жүр.
 
Биылғы сессия бірінші мамыр мерекесінің қарсаңында ұйымдастырылуымен ғана ерекшеленген жоқ дейді Раиса Солопова. Ассамблеяның қоластына біріккен ел халқы сайлаудан соң республика Президентімен алғаш рет кездесті.  Жаңа кезеңге Нұрсұлтан Назарбаев жаңа міндеттер жүктеген.

 Раиса Солопова, “Радзіма” беларусь этномәдени орталығының төрайымы:

– Қоғамның алдында жаңа талаптар тұр. Нұрсұлтан Назарбаев біз экономика мен әлеуметтік салаларды модернизациялауда инновациялық қадамдар жасасақ, қазақстандық толеранттылық моделін нығайтуда да осындай инновация керек деді. Біз бұл бағытта жұмыс жасауға әзірміз.
 

Ассамблея өкілдерінің алдында Елбасы қойған салмақты тапсырмаларды орындау міндеті тұр.  
Еліміздегі түрлі этностардың өнерін таныстыру үрдісін қойып, нақты істерге көшуге шақырған Елбасы республика тұрғындарына үлкен сенім білдірді. Тәуелсіздікті кемелді ете түсу үшін еліміз әлі де талай биік асуларды бағындыруы тиіс.

Гүлмира  Шоқтыбаева