Аптадағы маңызды жаңалықтар

Батыс Қазақстанға арналған гуманитарлық керуен жасақталуда

 

 

 

 

Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны өңір тұрғындарын бейжай қалдырған жоқ. Күн жылысымен табиғаттың тосын қылығынан зардап шегіп, қасірет кешкен мыңдаған ағайынға солтүстікқазақстандықтар көмек көрсетуге әзір. Қолдау шарасын ұйымдастыруды нұротандықтар бастады.

Әлібек Қартов, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

-1500 тұрғын үй, 7 мыңнан аса саяжай, 21 мектеп, 10 балабақша, 8 денсаулық сақтау мекемелері суда қалды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  тапсырмасымен 8 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Бұл күндері есепшот ашылып, филиал жанынан азық-түлік, киім-кешек жинау да ұйымдастырылған. Қалалық әкімдік кәсіпкерлерді, мекеме басшыларын ортақ істен шет қалмауға шақырып отыр.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен жылы Шығыс Қазақстан , Алматы облыстарына көмектескенбіз. Батыс Қазақстандағы жағдай одан да күрделі.  

Партия филиалының, қалалық әкімдіктің қызметкерлері бір күндік жалақыларын оралдықтарға аудармақ. Бұл бастаманы өзге мекемелер де қолдап отыр. Тартынғандар жоқ. Ал азық-түлік пен киім- кешек аптаның жұмасы көлік керуенімен Оралға жөнелтіледі. Жиналғандар жүк көліктеріне тиелетін тауар түрлерін де ақылдасты. Жергілікті кәсіпкерлер өздері өндіретін тауарларымен бөліспек.

 Серік Рамазанов, «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» ЖШС коммерциялық директоры:

– Бұл барша қазақстандықтарға ортақ қайғы. Сондықтан  қосымша бригадалар жұмысын ұйымдастырып, ұзақ уақыт сақталатын тауарларды өндіруге кірістік. Зардап шеккендердің арасында балалар бар. Сондықтан кондитерлік өнімдер даярлап жатырмыз. Ұн да жөнелте аламыз.

Тасқын судың зардабынан көптеген адамдар баспанасыз қалды. Апат аймағындағы тұрғын үйлерді қалпына келтіруге ғана 8 миллиард теңгеден астам қаржы керек. Сондықтан  әр қазақстандық ұсынған көмек ортақ істе үлкен қолдау болмақ.
Әсем Рахметова