Қылмыс

Жүкті әйел қарақшылық шабуыл жасады

Полицияға қалалық базарлардың бірінде орналасқан сауда орнының иесінен арыз түскен. Жәбірленушінің айтуынша, түс кезінде жас келіншек келіп, әшекей бұйымдарды көрсетуді сұрайды. Ол тауарды ұзақ уақыт бойы таңдаған сыңай білдіреді. Жүкті әйелдің бұл әрекеті сатушының күдігін тудырмаған.

  

Жәбірленуші:

 

 

Бір уақытта ол менін мойныма соққы жасады. Бір қолымен алтын алқаларды жұлып алып, қашып кетті.  

Петропавл қалалық ІІБ-ның жедел уәкілдері жәбірленушінің көмегімен күдіктінің бет-әлпеті, киген киімі жайлы ақпарат алып, іздестіре бастайды. Нәтижесінде қылмыс жасалған ауданда орналасқан қонақ үйде сезіктіге ұқсас әйелдің түнеуге тоқтағандығы анықталды. Қарақшы облыс орталығындағы жалға алған пәтерінде қолға түсті. Ұрланған алтын заттардың бір бөлігі де осында екен.. Күдіктінің бұған дейін сотталмағандығы белгілі болды. Тұрмыс құрмаған 24 жасар әйел нәрестені дүниеге әкелуге қаражат қажет болғандықтан қылмысқа бел будым деп сылтауратады. Алтын алқаның біреуін  келіншек ломбардтардың біріне 22 000 теңгеге өткізіп үлгерген. Қазіргі кезде айыпталушы қаладан шықпау туралы қолхатпен жіберілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Пышақ жарақатын алған сатушыға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді.

Инеш Шоқақова