Қоғам

Нэлли Иванованың мерейтойы

 

 

 

 

Нэлли Иванова еліміздің экономикалық дамуы жолында 50 жыл талмай еңбек етті. Партия жұмысына араласты, тоқырау жылдары өзінің сүйген мамандығы ұстаздыққа оралып, білім беру саласының үздігі атанды. Нэлли Александровнаның құрметті еңбек демалысына шыққанына талай уақыт болса да, қоғамдық шаралардан сырт қалып көрген емес. Қазір ол «Нұр Отан» партиясның құрамында, ел өміріндегі маңызды шараларға белсене қатысып жүр. 70 жастың төрінен орын алған мерейтой иесін қуанышымен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтап, құрмет грамотасын тапсырды.
 
Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Нэлли Александровна аса жауапты адам, тапсырған жұмыстарды үлкен сүйіспеншілікпен орындайды. Ол кісіні кейінгі толқын сыйлайды, жастар үлгі тұтады. Нэлли Александровна облысқа белгілі қоғам қайраткері, сәуірдің үші күні өткен кезектен тыс Президент сайлауында аса үлкен жұмыс атқарды. Жастарды отансүйгіштікке баулуда сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ол үшін алғысымды білдіремін.

Еңбек ардагерінің қуанышына достары мен замандастары ортақтасты. Олар Нэлли Иванованы қиын кезде қол ұшын беруден аянбайтын, қайырымды, еңбекқор, қызметіне берік, білімді ұстаз дейді.

Валентина Кондратова, еңбек ардагері:

-Мен еңбек демалысында жүрсем де өзім жұмыс жасаған балалар үйінен қол үзген емеспін. Міне талай жылдың жүзі болды. облыс әкімі балалар үйіне келіп, мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, әрқайсысына ақшалай сыйлық жасайды. Бұл жақсы дәстүрдің өмірге келуіне Нэлли Александровнаның еңбегі зор.
Құдайберген Қалиев, еңбек ардагері:
-Қайта құру жылдары, Коммунистік партия құлағанда, көптеген адамдар өздеріне деген сенімнен айрылып қалды. Ал Нэлли Иванова бұл уақытта өзінің сүйікті мамандығы ұстаздыққа бет бұрды. Бұл салада үлкен табыстарға жетті.  

Заң саласында 30-дан аса еңбек жазған Нэлли Иванова ұстаздықтан қол үзген емес. Жиында Облыстық мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының директоры Татьяна Лебедева мерейтой иесіне “Ұздік ұстаз” төс белгісін табыс етті. Ардагер өзіне көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдіріп,  Қазақстанның гүлденуіне талмай еңбек ете беруге уәде етті.  

Дана Ғизатова