Қоғам

Үкіметтік емес ұйымдар ел тәуелсіздігінің мерейтойына дайындалуда

 Осыдан 6 жыл бұрын құрылған «Қазақстанның  Азаматтық альянсының» құрамына бүгінде 500-ден аса үкіметтік емес ұйым кіреді. Өңірлерде осы тектес облыстық альянс ұйымдары құрылған. «Азаматтық альянс» өкілдері бұл жолы да жергілікті ұйымдарға бірнеше жобаны жүзеге асыруды ұсынып отыр.

 

 

  Сабина Дүйсекеева,  «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТҚ азаматтық қатысу бағдарламасының директоры:

-Мамыр дәрістер бағдарламасын бастамақпыз. Әр азамат кешкілік уақытта түрлі бағытттар бойынша тегін дәрістерге қатыса алады. Құқықтық, қаржылық білімді жетілдіру, салық түрлері , тіпті, бала тәрбиесіне, дұрыс тамақтануға қатысты тақырыптарды да қамтымақшымыз.

Азаматтық альянс өкілдері жұмыс сапарының басты мақсаты әріптес іздеу дейді. Кездесуге облыста ең белсенді жұмыс істеп жатқан ұйымдарының өкілдері келді. Бүгінде облыстық азаматтық альянс құрамында ғана 200- ден аса үкіметтік емес ұйым бар.

  Сергей Худяков,  «СҚО азаматтық альянсы» қауымдастығының төрағасы:

-Еріктілер бағытын дамыту міндеті тұр. Бұл бағыт өзге елдерде жақсы дамыған. Біз коммуналдық қызмет сапасын бағалау жобасын осы еріктілердің көмегімен жүзеге асырмақпыз.  

Азаматтық альянс өкілдері облыстық ұйымдарды ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында белсенділік танытуға шақырып отыр. 100 мың құттықтау ашықхаттарын тарату жобасы жүзеге асырылмақ. Эстрада жұлдыздарын шақырып, мерекелік шаралар ұйымдастыру, БАҚ қатысуымен кездесулер өткізу де жоспарда бар.

  Евгений Пеньков,  «Поиск молодых и здоровых» ЖҚБ төрағасы:

– Біз Қазақстанның азаматтық альянсы ұсынған бірнеше бағыт бойынша бірлесе жұмыс істеуге даярмыз. Соның ішінде ұнағаны «Еңселі ел, мерекеңмен» әлеуметтік бағдарламасы. Ел тәуелсіздігінің мерейтойымен қазақстандықтарды құттықтауға шығамыз деп ойлаймын.  

Азаматтық альянс өкілдері өңірлерде «Қоғамдық мониторинг» жобасына да қызығушылық болатындығына сенімді. Мемлекеттік органдардағы қызмет көрсету сапасын анықтау, сараптау жүргізу үшін жұртшылық пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылмақ. Осылайша Азаматтық альянс сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да белсене кіріспек.

Әсем Рахметова