Аптадағы маңызды жаңалықтар

Егіс науқанына әзірлік және өрттен қорғау мәселелері селекторлық кеңесте қаралды



 

Үстіміздегі жылы 3 миллион 900 мың гектарға дәнді дақыл себу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша 107 мың гектарда ылғал жабу жұмыстары жүргізілген. Қыстан жеткен ылғал бар. Бірақ күннің күрт жылынуы, бірнеше тәулік бойы үздіксіз соққан жел жердің қыртысын құрғатып -ақ тастайды деген қауіп басым. Сондықтан ылғал жабу технологиясын қолданудан өзге амал жоқ.

  Ольга Гаас, СҚ тәжірибе станциясының зертхана меңгерушісі:

-Ылғал сақтау технологиясын жылдағыдан да өзгеше жүргізу керек. Және күні-түні тоқтатуға болмайды. Өйткені бірнеше тәулік бойы сынап бағанасының 20 градустан жоғарылап, қатты жел тұруы соңғы жиырма жылда кездеспеген жағдай.  

Сондықтан бұл жұмысты кешіктіруге де жол берілмейді. Тәжірибе станциясының мамандары әуелгіде дән себу үшін тиімді мерзім ретінде мамырдың 16-ы мен маусымның 5-ін атаған. Бірақ ылғал жабу науқанының кешіктірілуіне байланысты мамандар бұл уақыттың қысқартылатынын жеткізді. Ылғал сақтау технологиясына жаңа кіріскендер де, бір аптадан бері қолға алғандар да бар. Мәселен, Мамлют ауданындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары 1 мың гектарда, ақжарлықтар 5 мың, тимирязевтіктер 1мың 700 гектарда бұл жұмысты жүргізсе, айыртаулықтар 10 мың, уәлихановтықтар 22 мың гектар алқапта ылғал сақтау шараларын жүргізген.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

Бұл жұмысты екі қайтара жүргізу керек. Ал біз бір реттің өзін атқара алмай отырмыз. Өткен күзде құрғақшылықтан жер қыртысы жарылды. Көктемде ылғалдың бір бөлігі жерге сіңсе, бір бөлігі кеуіп қалды. Қалғанын сақтап қалу керек. Бір аптадан кейін бұл жұмысты бастаудың қажеті жоқ. Ал егіске дейін әлі бір ай бар.

Бұл жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Нұрлан Биболаевқа ескерту жарияланды. Өзге басқарма басшылары да жазасыз қалған жоқ. Жаз басталмай жатып, облыста бес орман өрті тіркелген.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Қызылжар, Аққайың, Айыртау аудандарында орман өртінің орын алуына жол бергені үшін табиғат ресурстары және табиғаты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Досмұрат Ақановқа, Аққайың ауданы әкімінің орынбасары Сырым Нәсиге, орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Ережеп Жанатаевқа сөгіс жариялансын. Ормандарда тәулік бойы кезекшілік орнатылсын.  

Өрттен сақтау үшін ормандарды айнала жырту жұмыстары қолға алынуы керек. Бұл іске ауыл шаруашылығы құрылымдары да атсалысуы тиіс. Көктемгі егіске дайындық пен орман өрттерінің алдын алу жөнінде аудан әкімдері селекторлық байланыс бойынша есеп берді. Облысқа егіс науқанына қажетті жанармайдың 58 пайызы ғана жеткізілген. Ал гербицидтің 48 пайызы алынған. Серік Біләлов жанар-жағар май мен минералдық тыңайтқыштарды егіс басталғанша толық тасып алуды тапсырды.

Әсем Рахметова