Білім

ҰБТ-ға әзірлік жан-жақты жүргізілуде

 

 

Мұрат Айтқожин атындағы №1 инновациялық орта мектепті биылғы оқу жылында 95 түлек тәмамдайды. Олардың 75-сі ҰБТ таңдаса, өзгелері мемлекеттік емтиханды мектепте дәстүрлі түрде тапсыруға тілек білдіріпті. Өткен жылы аталмыш білім ордасының түлектері ҰБТ қорытындысы бойынша 79,15 ұпай жинапты. Биыл бұл көрсеткішті арттыру үшін маңызды науқанға кешенді дайындық жүріп жатыр.

 Владимир Алешин, №1 инновациялық орта мектеп директорының орынбасары:
– Сапалы дайындалу үшін тарих пен математика пәндеріне аптасына қосымша 6 сағат бөлінеді. Географияға 4 сағат. Ал физика мен биологиядан 2 мәрте сыныптан тыс сабақтарға қатысамыз. 2 мыңға жуық тест нұсқалары бар. Оқушылар айына екі рет сынақ тапсырады. Нәтижелері жаман емес. Біз оқушыларды ҰБТ-ға 10 сыныптан дайындаймыз.

11 жыл бойы тек үздік оқуымен танылған Наталья Ким “Алтын белгіге” үміткер. Түлек болашақта   ағылшын тілінің маманы болуды армандайды екен.

 Наталья Ким, №1 инновациялық орта мектеп оқушысы:
– Дайындық өте қызу жүріп жатыр. Білімім сыналатын ұлттық бірыңғай тестілеуге жақсылап сайландым. Әрине, қобалжу бар. Алған білімім зая кетпейтіндей “Алтын белгіге” үміткерлігімді дәлелдеуге тырысамын.  

Жалпы биыл өңір бойынша мектепті тәмамдайтындардың 71,4 пайызы яғни 3891 түлек ҰБТ қатысатын болады. Оның 112-сі “Алтын белгіге” үміткерлер екен. Ал 102-сінің үздік аттестатқа қол жеткізуге мүмкіндігі бар.

 Балшекер Бақтыбаева,  СҚО білім басқармасының бас маманы:
– Нормативтік құжаттарға сәйкес “Түлек-2011»  наурыздың 10-нан  бастап сәуірдің 25-не  дейін тестілеуге қатысуға өтініш бере алады. Оқу жылының басынан ҰБТ-ге мақсатты дайындық жүргізілуде. Білім басқармасының ҰБТ өткізу бойынша іс- шараларының жоспары негізінде ай сайын сынақ тестілеуді өткізу бойынша мониторинг жасалады. Өткен жылдың ҰБТ көрсеткіші 87,86 балл болды. Биылғы нәтижелер жоғары болады деп үміттенеміз. Бұл көрсеткіштер тікелей оқушылардың дайындығына байланысты.  

Биылғы оқу жылындағы алдын ала тексеріс сынақтарының орташа ұпайлары былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары дейді мамандар. Биылғы ҰБТ өткізу ережелері мен талаптары өзгеріссіз қалды. Тек сынақ сұрақтары күрделенді. Және тағы бір айта кетерлігі, талапкерлер бұған дейінгідей ұялы байланыстың көмегіне жүгіне алмайды. Үш лекпен ұйымдастырылатын тестілеудің 8 пунктінде ұялы байланыс желісінің белгілерін  тежейтін қондырғылар орнатылады.

Жеңіс Ермұқанов