Спорт

Салық қызметкерлері арасындағы облыстық спартакиада

 

ҚР тәуелсіздігімен құрдас еліміздің салық жүйесі де биыл 20 жылдығын атап өтпекші. Облысымыздың салық қызметкерлері мерейтойды спорттық шарадан бастап отыр. «Қарасай» спорт кешеніне жиналған 4 құрама жазғы спорт түрлерінен ауданаралық тартыстардың жеңімпазы. Енді өңірлік кезеңде мықтылығын дәделдеу үшін олардың қатарына облыстық департаменттің спорт сүйерлері де қосылып отыр. Мақсат Елбасы көздеген салауатты өмір салтын ұстанушылардың санын 30 пайызға дейін жеткізуге үлес қосып, денсаулықты шыңдау. Өйткені денсаулығы мықты қызметкердің жұмысы да өрге домалап, табысты болады дейді сайыскерлер.

Төлеген Қабдөшев, СҚО салық департаменті бастығының орынбасары:
– Жыл сайынғы ҚР Президентінің жолдауын іске асыру, спортпен айналысқан қызметкердің денсаулығы жақсы болса, денсаулығы зор халқы бар үкімет бай болады.
Сондықтан біздің салық қызметкерлері арасында спортпен айналысатын қызметкерлер көп. Жыл сайын жарыс, спартакиадалар өткізіп тұрамыз.

Дәстүрлі жарысты түрлі қашықтықтарға жүгіру додасы ашты. Желаяқтар жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа іріктелді. Ерлер жүйріктігін 1 200 метрлік   жарыс жолында дәлелдеуге тырысты. Бұл сында қарсыластарын жеткізбей қойған Тайынша аудандық салық басқармасының бас маманы Әуелбек Есболатов жеке-дара келді.

 Әуелбек Есболатов, Тайынша аудандық салық басқармасының бас маманы:
– Біз тек жұмыспкен айналысып қана қоймай, түрлі жаттығулар жасаймыз.Спортзалға барып, денемізді шынықтырып жарыстарға қатысамыз. Әрине, басты мақсат – денсаулық.

Ал қыздар болса 800 метрлік қашықтыққа жүгірді. Нәзік жандардың арасында мәре сызығын Наталья Майорова бірінші болып кесті.

  Наталья Майорова, Жамбыл аудандық салық басқармасының бас маманы:
– Сөре сызығынан суырылып алға шықтым.
Бұл басымдылықты берілген қашықтықтың соңына дейін ұстауға тырыстым. Әрине, жеңімпаз атану бәрінің мақсаты болды. Бұған өзгелерден бірінші болып жеткеніме қуаныштымын.

СҚО салық департаментінің бас маманы Орынбай Нұрмұқанов та жас әріптестерінің бастамасын қолдап, өз мүмкіндіктерін сынап көрді.  60-ты алқымдаған сайыскер жүлдеге ілікпесе де бой жазып, денесін сергітіп алуға мүмкіндік берілгеніне қуанышты.

 Орынбай Нұрмұқанов, СҚО салық департаментінің бас маманы:
– Салық қызметкерлері арасында жарыс жиі өткізіліп тұрады.
Бізде көпшілігі жастар. Бір орында күні бойы отыратын жұмыс. Жастардан қалыспай үлгі көрсетейін деп мен де биылғы жылы қатысып отырмын.  

Сондай-ақ салық қызметкерлері спартакиада аясында шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат пен жүзуден өз ара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындсы бойынша суырылып алға шыққан үздіктерден облыс құрамасы жасақталды. Олар өңір намысын аумақтық додада қорғайтын болады. Ол жерде бақтары мен баптары қатар шапса, ҚР біріншілігінде мүмкіндіктерін сынауға аттанады.

Жеңіс Ермұқанов