Балалар

Ақтөбелік жастар бастамасын қолдау акциясы

 

 
«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясы ауылдық аймақтарды көркейтуді көздеген Ақтөбе жастарының бастамасы. Ол өткен жылы Елбасының Ақтөбеге жұмыс сапары кезінде марафон-эстафета түрінде өткен болатын.  Отаншыл жастардың қолдауымен бұл енді бүкілелдік шараға айналды.

 Дина Әмрина, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Бұл ауылдың гүлденуіне, қаланың көркеюіне жастардың қосар үлесін көрсетуіміз. Елімізді қалай сүйетінімізді, патриоттық сезімімізді білдіре отырып бүгін жиналып отырмыз.  

Орталық алаңда топтасқан жас толқынды қала әкімі Н.Әшімбетов бастаған аға буын өкілдері, еңбек отрядтарының жетекшілері қарсы алды. Сөз алғандардың бәрінің пікірі эстафетаның басты мәні ұрандатқан салтанатты жиында емес, жас буынның өздеріне жүктеліп отырған жауаптылықты түсінулерінде дегенге сайды. Батыс өңіріндегі акцияға өзі қатысып келген Мұса Танақұлов мұны түсініп қана қоймай, нақты іске көшуге әзір.

 Мұса Танақұлов, “Нұр Отан” ХДП “Болашақ” филиалы жанындағы “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы:
– Қазақстан жастары біздің Президентіміз бастаған  бір командаға бірікті. Енді олар өз оқу орындарында тиісті аумақтарды тазартуға,   көшеттер егіп абаттандыруға, жалпы қаланың гүлденуіне  үлес қосатын болады.  

Биыл 20 жасқа аяқ басатын Қазақстан кейінгі толқынды жан-жақты қолдап, аяқтандыруға көп мән беретін мемлекет. Ал қазіргі саналы жастар өз кезегінде сол мүмкіндікті қажетінше пайдалануға мүдделі.

 Айым Жүсіпова, СҚО кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:
– Қазақстанның болашағы бізде, жастарда. Сондықтан осы акцияға қатысып отырмыз. Ауылдың гүлденуі үшін акциямен ауылға барар едім.

Акциядан соң жиналғандар сөзден іске көшіп, жұмыла сенбілікке кірісіп кетті.

Кәусар Аяпбергенқызы