Білім

Жаңашыл жобалар авторлары жастармен кездесті

 

Бүгінгі таңда энергия қуатын үнемдейтін шамдарды барлық жерде қолданады. Алайда бұл шамдарда денсаулыққа зиянды сынап буының болатынын әрбір адам біле бермейді. Данияр Уәлиев өз жобасында осы жайлы терең зерттепті. Физика-информатика пәні мұғалімінің бұл жұмысы республикалық байқауда 2-орынға лайық деп танылды. «Өскелең ұрпаққа осы мәселе төңірегінде ой тастап, оны шешудің жолдарын қарастыру керек» дейді Данияр

 Данияр Уәлиев, қалалық классикалық гимназияның физика-информатика пәнінің мұғалімі:
– Шамдар сынған кезде бірден ауаға тарап, адамға және қоршаған ортаға зиянын келтіреді. Бұл сынап буынан адамдарда дерматологиялық аурулар қозады және рак ауруларын тудыруы мүмкін.

Жас маманның айтуынша, Германияда шамдардың 60 пайызы қайта өңделеді екен. Сондықтан да бұл еліміздe ғана емес, халықаралық деңгейде қарастырылатын мәселелердің бірі. Ал Аманжол Кәкімов 2010 жылы «Жедел медициналық көмек көлігінің республикалық мониторинг орталығын құру»туралы жобасын ұсыныпты. 2000 жұмыстың арасында оның еңбегі 4-орынды еншілеген. Бас маман өз жұмысының көпшілік игілігіне қызмет ететініне үміттенуде.

 Аманжол Кәкімов, СҚО денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:
– Менің жобам «Санитарлық авиацияны дамыту» бағдарламасымен көп жерде ұйқасады. Сондықтан да осы бағдарлама аясында жұмысымның жүзеге асырылатынына сенемін. Бүгін жастарға жобамның маңыздылығын айтып, олардың қызығушылығын арттыуға тырысамын.

Жиылған студенттер мен оқушылар жоба авторларын ұйып тыңдады. Азамат Қарапов болашақта өзінің еңбегін компьютерлік технология саласына арнауды көздеп отыр.

  Азамат Қарапов, №1 гимназияның 10 сынып оқушысы:
-Осы іспетті дөңгелек үстелдер біздің мақсаттарымызды жүзеге асыруға үлесін тигізеді. Болашақта мемлекетіміздің инновациялық дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Шет елде білім алып, білгенімді ел мүддесіне, оны көркейтуге бағыттауды көздеп отырмын.

Жалғыз Азамат емес, өзге жеткіншектер де инновациялық жобалардың елді дамытуда маңыздылығын жақсы түсінеді. Барлығы да осы бағытта жаңалықтар ашуға ниетті.

Айдана Демесінова