ТКШ

Жаңа үйдің төбесінен су сорғалап тұр

 

2008 жылдың қазан айында Аликаевтер әулеті мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы аңсаған баспаналарына қол жеткізді. Юбилейный, 3″В” мекенжайы бойынша жаңадан бой көтерген 5 қабатты үйдің жарық, жайлы екі бөлмелі пәтеріндегі қоныс тойдың қуанышы көпке созылмады. 4 айдан соң су жаңа пәтер сыр бере бастапты.

Елена Аликаева:
Жұмыстан үйге келгенде сұмдыққа тап болдық. Үйдің іші су. Бірден не болғанын түсінбедім. Көктем даладан біздің пәтерге ауысқандай болды. Төбеден су тамшылап емес, кәдімгідей ағып жатты.  

Жас отбасы ипотекаға алған пәтердің несиесін әлі 20 жыл төлеулері керек. Баспана емес, судың астында өмір сүріп жатырмыз. Сонда адал еңбекпен тапқан ақшаны не үшін беруіміз керек дейді. Әр бөлменің төбесінен аққан су қабырғалардың өңін бұзып тұр.
Елена әлі жеткенше әктеп отыруға тырысады екен. Алайда пайдасы шамалы көрінеді. Оған қоса дымқыл қабырғалар  әр жерден жарыла бастапты.

Елена Аликаева:
 
Күйеуім шатырға шыққанда ашықтесік жатқанын байқады. Суағарлар мүлдем қарастырылмапты да. Біздің пәтердің үстін жөндеудің өзіне 400 мың теңдеген артық қаражат қажет екен. Кінә бізден емес. Құрылысшылардың үйді салғанда немқұрайлық танытқандығының салдары деп білемін. Өздерінің жасаған олқылықтарын жөнге келтіріп берсе болғаны. Одан басқасының бізге керегі жоқ.

Осымен екі жыл қатарынан соңғы қабаттағы пәтерлерді мекен еткен отбасылардың барлығының көрген күні осы.

 Гүлбайра Нұрышева:
-Әпкеме ылғи келгенде осы жағдай. Қар ерісе, жаңбыр жауса, төбеден су ағып, әуре болып жүреді.

Тұрғындар   талай мәрте дабыл қағып, арызданып аттамаған табалдырығы, қақпаған есіктері қалмапты. Барлығының жауабы бір – шатыр жөнделеді, бір амалы табылады дейді. Алайда ешқайсысы уәделерін орындауға асықпайтын көрінеді.

 Асылтас Махметова, «Юбилейная, 3″В”»  жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
– 2009 жылдың 4-ші октябрінде әкімдікте жиналыс болды. Петров үйдің жағдайын көреміз деп айтып, келген жоқ. 2011 жылдың 23 ақпанында тағы әкімдікте кеңес болды.
Бәрін істейміз деді, әлі түк жасаған жоқ.

Облыс орталығындағы баспана құрылысына жауапты қалалық тұрғын үй инспекциясына хабарласқанымызда мардымды жауап ала алмадық. Ондағы мамандар мәселенің мән-жайынан мүлдем бейхабар екен. Ипотекалық үйді “Основание” ЖШС салыпты. Сондықтан мердігер құрылыс компаниясының директоры Сергей Тимофеевпен жолықтық.

 Сергей Тимофеев, “Основание” ЖШС директоры:
– Бұл тек құрылысшылардың жіберген олқылығы деп түсіну қате болар.
Біз тек тапсырысты орындаушымыз. Берілген жоба бойынша салып бердік. Үй тексерістен өтті. Бәрі жоспар бойынша болды. Шатыр арқылы кабель тартылғанда шифердың бұзылуы әбден мүмкін. Ондағы қардың тазаланбағанына біз кінәлі емеспіз. Қардың күрт еруінен төбеден су кетті.  

Тұрғындар гәп төбедегі қардың еруінде ғана емес дейді. Жаңбыр жауса да, баспананың төбесі пана болудан қалады.

Жеңіс Ермұқанов