Білім

Білім саласындағы реформалар – ел дамуының негізі

 

 ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам мен технологиялық мәдениет дәуірі. Яғни  жаңа ақпараттық технологияларды қолдану – уақыт талабы. Бүгінгі таңда білім жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтап, білімнің халықаралық талаптарын меңгерудің маңызы айырықша. Өйткені бұл жас ұрпаққа сапалы білім берудің негізі болып табылады.

Әсет Дүйсенбаев, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының информатика пәнінің мұғалімі:
-Қазір дүниеде бұл бағытта үлкен даму болып жатыр. Компьютерлік технологиялар күннен-күнге дамуда. Сондықтан заман ағымынан қалмау үшін әрбір оқушыға сол негізді беру керек. Электрондық оқулық, интерактивті тақталарды қолдану, яғни визуалды түрде көрсету оқушының пәнді қабылдауын жоғары деңгейге көтереді.  

Жаңа технологияларды информатика пәнінің мұғалімі Әсет Дүйсенбаев өз сабағында барынша қолдануға тырысады. Бүгінгі күннің зор мүмкіндігі – заманауи әдістемелер оқушыларды ынталандырып, пәнге деген қызығушылығын арттырады дейді педагог. Мұнымен қоса сабақ ағылшын тілінде өтеді. Бұл өз кезегінде оқушылардың инновациялық бағдарламаларды жетік әрі жылдам меңгерулеріне ықпалын тигізеді.

Әсет Дүйсенбаев, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының информатика пәнінің мұғалімі:
Өз сабағымда оқушының қызығушылығын арттыратын жаңа бағдарламалар қолданамын. Атап айтатын болсақ, сабақ барысында фотошоп, флеш бағдарламасын пайдаланамыз. Кез-келген мысалдарын үй тапсырмасы ретінде беремін. Оқушылар қызығушылық танытып, жасап алып келеді.

Оқушылардың ғылыми технологияларға деген қызығушылығы үлкен. Олар бұл бағытта түрлі жобалар әзірлейді. Мәліметтер базасы мен локалдық веб-сайттар құруға айырықша ықылас танытатын көрінеді.

Самал Сақтағанова, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының оқушысы:
-Жаңа технологияларды меңгеруіміз қажет. Білікті маман болу үшін бізге аса қажет. Ертең болашақта жұмыс істегенде қолданамыз. Технологияларсыз бүгінде ештеңе жақсы істелінбейді.

Қоғам дамуының қос қанаты – білім мен ғылымға қолдау көрсету ерекше мәнге ие. Білім мен ғылымның өркендеуі қай мемлекеттің де өрке­ниеттілік деңгейінің негізгі өлшемі болып қала береді. Елбасының биылғы Жолдауында «Сапалы білім беру Қазақстанның индустриялануы­ның және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс», – деп айқын міндет қоюы осыдан болса керек.

Айымгүл Әбілева