Билік

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып Серік Біләлов қайта тағайындалды

 

 

 

 

Ел Президенті Әкімшілігінің жетекшісі біздің облысқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен келген. Аслан Мусин облыстық мәслихаттың кезектен тыс 33-сессиясының жұмысына қатысты. Күн тәртібіне бір ғана мәселе шығарылды – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына кандидатура ұсынылды.

 Аслан Мусин, ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі:
– Құрметті депутаттар! ҚР Конституциясының 87- бабының 3-тармағына сәйкес СҚО әкімі лауазымына тағайындау үшін Серік Біләловтің кандидатурасын ұсынып отырмын. Серік Біләлов 1958 жылы туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын және Алматы экономика және статистика институтын бітірген. Ауыл шаруашылығы саласында, жергілікті атқарушы органдарда мол жұмыс тәжірибесі бар. Қолдауларыңызды сұраймын. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдады. Кейін облыс активінің отырысы өтті. Жиында сөз алған облыс әкімі лауазымына қайта тағайындалған Серік Біләлов ел игілігі жолында аянбай еңбек ететінін жеткізді.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімін ақтау мен үшін үлкен абырой. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруда алдымызда үлкен міндеттер тұр. Осы бағытта аянбай еңбек етемін деп сенім білдіремін.

Кездесу соңында Президент Әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин кезектен тыс Президент сайлауында үлкен қолдау көрсеткен барша солтүстікқазақстандықтарға Елбасының алғысын жеткізді. Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары ішінде біздің еліміз барлық салада толағай табыстарға жетіп отыр. Бұл орайда солтүстікқазақстандықтардың да қосқан үлесі мол.

 Аслан Мусин, ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі:
-Еліміз үшін астықты өңір Солтүстік Қазақстан облысының маңызы айырықша. Еліміздің әл-ауқатының артуы облыс диқандарының қажырлы еңбегіне байланысты. Бұл орайда облыс еңбеккерлерінің ел игілігі жолындағы жан-жақты ерен еңбегін жоғары бағалаймыз.

Алдағы уақытта өңір халқының алдында үлкен міндеттер тұр. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы өндіріс ошақтарын уақытында іске қосу керек, мал шаруашылығын дамытып, тұрғынүй- коммуналдық секторындағы түйіткілдерді шешу қажет. Қысқасы, барлық мемлекеттік жобаларды орындау үшін күш саламыз деп сендірді Серік Біләлов.

Айымгүл Әбілева