Құқық қорғау органдары

“Бүлдіршіндерді балалықтан айырмаңдар”

 
Бұл бүкіл сәуір айына жоспарланған айлық аясындағы шара. Бұл күні өз баласының өміріне салғырт қарайтын әкелердің намысын оятуға шақыратын радиокөлік қаланың барлық аудандарын аралап шықты. Ал гуманитарлық-техникалық колледж студенттерінен жасақталған топ Конституция көшесіндегі жүргіншілерді әңгімеге тартып, сауалнама толтырды. Жастардың алған жауаптарының нәтижесін саралай келгенде анықталғаны – халық бұл мәселенің бүгінгі күнгі маңыздылығын бірауыздан мойындайды. Өз таныстарының арасында кездеспесе де баласына тиісті қаражатын төлеуден бас тартатын адамдар қоғамда аз еместігі көптің сөзінен де байқалды.

Тұрғындар:

 

– Жастар қосылып, ажырасып жатады. Осылай назар аударып жатқандықтан ойлаймын жастар басқа көзқараспен қарайды деп. Өмірге әкелгеннен кейін жауапты болуын, сондай тәрбие жолдарын қарастыру керек деп ойлаймын
-Дүниеге перзент әкелгеннен кейін оны күту керек, көмектесу керек. Қарға да баласын аппағым дейді, сондықтан адам өз баласын қашан да қорғап жүруі керек. Ондай адамдарды міндетті түрде жауапқа тарту керек.

Статистикаға сәйкес СҚО-да алимент төлеу бойынша 4 700 құжат толтырылған болса, мың жарымы борышын өтеуден бас тартқандарға қатысты.

 Саида Сағдат, сот актілерін орындау жөніндегі департамент бастығы:
– Ер адам қандай жағдайда болмасын әке ретінде өзінің адамдық борышын өтеуі тиіс. Яғни,   қаражат жинап, баласына қамқор болу оның міндеті. Акция барысында біз қоғамдық жерлерде осы жөнінде билбордтар іліп, халықпен әңгімелестік. Акцияны дәстүрлі шараға айналдырамыз деген ойдамын.

Қолдарындағы сауалнама парақтарын толтырып болған соң студенттер бұл жөнінде қоғамдық көліктердегі халыққа да жеткізуге асықты. Бәрінен бұрын өздері тікелей атсалысқан бұл шарадан соң жастар келешекте қателікке бой алдырмайды деген сенім мол.

  Анар Мұсайбекова, гуманитарлық-техникалық колледждің 2 курс студенті:
-Осы акцияға қатысқаныма қуаныштымын. Бұдан кейін алимент төлемейтін адамдар азаяды деп ойлаймын.

Акция басталғалы бері ұйымдастырушылар жергілікті БАҚ-та роликтер жариялап, көшелерде билбордтар орналастырды. Мұның қаншалықты нәтижелі болғандығын олар ай соңында анықтамақ.

Кәусар Аяпбергенқызы