Билік

Облыс әкімі құрылыс алаңдарын аралады

 

 

 

Облыс орталығындағы төрт қабатты әкімшілік ғимараттың құрылысы өткен жылы басталған. Бұл жерде ауыл шаруашылығы басқармасы, агроөнеркәсіп кешеніндегі бюджеттік ұйымдар орналасады. Құрылысты “Стройкомпания” мен “Вант” серіктестіктері жүргізуде. Бүгінде ғимараттағы сылақ жұмыстары аяқталып, жылу, электр желілері тартылған. Мердігер кәсіпорындағылар 60 млн теңгені игеріпті. Құрылысты аяқтау үшін қосымша қаражат қажет. Облыс әкімі Серік Біләлов жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды. Нысан қыркүйек айында қолданысқа берілуі керек.
  Жамбыл көшесіндегі тұрғын үйдің құрылысын “Қазградстрой – НС” компаниясы қолға алған. 200 пәтерлі баспананың құрылысын “Тобыл” ӘКК қаржыландыруда. Бұл мақсатқа 1,5 млрд. теңге бағытталған. Бүгінде 600 млн-ы игерілген. Мердігерлердің айтуынша, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр.
   Ал 320 орындық балабақшаның құрылысы жұмыс кестесінен қалып қойған. Игерілмеген қаржы 6 млн. теңгеге жуық. Мектепке дейінгі білім беру мекемесін “Севимсталькон” ЖШС салып жатыр. Балабақшаның құрылысы облыс әкімінің қатаң қадағалауында болмақ.
   Бұл күні өңір басшысы облыс орталығындағы ең үлкен құрылыс алаңы – Юбилейный көшесіндегі нысандарға да соқты. Бұл жердегі үйлердің де біреуін “Қазградстрой- НС” серіктестігі тұрғызып жатыр. 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Қазірде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Осы жердегі 90 пәтерлі жалға берілетін коммуналдық үй шілде айында тапсырылмақ. Барлық жұмыстар тәмамдалуға жақын. Ал 126 пәтерлі баспана тамыз айының жиырмасына дейін пайдалануға беріледі.
Юбилейный көшесінде тағы бір көпқабатты тұрғын үй бой көтермек. 126 пәтерлі ипотекалық баспананың құрылысы үстіміздегі жылы басталады деп межеленіп отыр. Бүгінде тұрғын үйдің жобасы әзір.

  Ал Пестрое көлінің жағасында биыл Тәуелсіздік саябағы салынады. Облыс әкімі жаңа саябақтың жобасымен танысты. Оның құны – 152 млн. теңге. Саябақта стелла орнатып, шағын сәулет мүсіндерін қою көзделіп отыр. Бұл жерде абаттандыру жұмыстары жақында басталмақ.
  Серік Біләлов бұл күні Бәйтерек ауылында да болды. Қазір  мұнда 163 үй түтін түтетіп отыр. Биыл тағы 100 үй салынбақ. Шеттен келген ағайындар өңір басшысына толғандырып жүрген мәселелерін жеткізді. Ауылда мектеп, балабақша, медициналық пункт жоқ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Балабақша салуға 1-2 жыл керек, білесіздер. Биыл 100 үй саламыз. Оның арасынан 2-3 үйді аламыз. Сонда балабақша болады. Қазір бағдарлама жасап жатырмыз.

Тұрғындардың  өтініштері бойынша өткен жылы салынған 50 жылыжай күзде ауыл шетіне көшіріледі. Қазір олар “Қызылжар-Ақбастау” коммуналдық базарының меншігінде.

 Айымгүл Әбілева