Балалар

«Ауылды гүлдендіру – Қазақстанды гүлдендіру»

 «Ауылдың гүлденуі-Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы  – өткен жылы Ақтөбе облысының жастары көтерген бастама. Облыстық шара республикалық марафонға айналды. Әр бала туған елдің тазалығы мен көркі үшін аянбай еңбек етіп, табиғатын аялап өсуі тиіс. Жастардың бұл игі ісін Елбасы қолдап, жас патриоттарға қаржылық қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Қызылжар ауданының әр селолық округінен жиналған жастар бұл шараға сақадай сай.

  Қайрат Пшембаев, Қызылжар ауданының әкімі:

 

 

 -Қолдан келгеннің бәрін істеп,елімізді көркейту –  міндетіміз. Ауданды абаттандыру,  көгалдандыру ортақ міндет. Осындай мемлекеттік маңызды бағдарламаға үлес қосатындарыңызға сенімдімін.

Мерейтойлы жылы қызылжарлықтар Тәуелсіздік алаңын салмақшы. Бұл мақсатқа 30 миллион теңге бөлінбек. Жастар көктемде 3000 мыңнан аса көшет отырғызады. Өзен-көлдердің жағалауларын тазалап, көшелер мен аулаларды абаттандыруға қатыспақ.

  Арман Бердағұлов,  «Нұр Отан» ХДП Қызылжар аудандық филиалы төрағасының орынбасары:

-Жұмыс істейтін жастарға арнайы форма беріледі. Сыйақылар, қаражатпен де қолдаймыз.

Ағаның ақылын, атаның батасын алған жастар туған жердің даласын тазалап, көшесін түзеуге кіріспек. Олар шарбақтарды сырлап, қасбеттерді қалпына келтіреді, ағаштардың түптерін әктейді. Бұл шарадан ардагерлер де сырт қалмайды. Кейінгі толқын қарттардың аулаларын реттеуге қол ұшын береді.

  Константин Дедов, ҰОС ардагері:

-Мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлері мен майданда қаза тапқандардың жарларына ерекше көңіл аударуды ұсынамын. Аулаларын қоқыстан тазартып, бау-бақша жұмыстарына көмектессе,  жақсы болар еді.

Константин Дедов балааларға тілегін айтып, жұмысқа шығарып салды. Жаз бойы бұл оқушылар аянбай еңбек етіп, ауылдың көркейіп, елдің жасаруына үлес қосады.

  Серікбол Көсенов, «Парасат» мектеп-лицейінің оқушысы:

-Ағаш еккен сайын көше тазарады, жер әдеміленеді. Сол себепті мен кластастарыммен Қазақстан жерін тазалауға әзірмін.

Асыл Қасаева, Архангелка орта мектебінің оқушысы:  -Табиғатты қорғау әрбіріміздің парызымыз. Ол үшін ағаш егеміз. Үйлердің ауласын жинаймыз.

Мәдина Темірғалиева, «Парасат» мектеп-лицейінің оқушысы:

-Біз мектеп оқушылары өз үлесімізді қоспақшымыз.

Қызылжарлықтар «Ауылдың гүлденуі -Қазақстанның гүлденуі» акциясын әр ауылдық округте өткізуді жоспарлап отыр.

Әсем Рахметова