Білім

Ғарышкер атындағы мектепке де – жарты ғасыр

 

 

 

 

 

Білім ордасының қабырғасы 1961 жылы қаланған болатын. Мектептің ашылуы адамның алғаш рет ғарышқа ұшуымен тұспа-тұс келгендіктен, білім мекемесіне Юрий Гагариннің есімі берілген. Осылайша жарты ғасыр бойы  білім ошағы 7 мыңнан астам түлекті ұясынан ұшырған.

Геннадий Филатов, Ю.А. Гагарин атындағы №14 мектеп директоры:
– Бірінші сынып сағатын біз шәкірттерді мектеп тарихымен таныстыруға арнаймыз.
Барлық түлектер мен үшін жақын адамдар, балаларым десем де болады. Әсіресе есімде қалғандары – мектепті 2003 жылы аяқтаған түлектер, олар – Анастасия Козел және Рада Рамазанова спорт шебері атағына ие болды.

Сәуірдің 12-сін мектеп оқушылары асыға күтеді. Шәкірттер бірінші ғарышкердің есімін иеленген мектепте оқитындарын мақтан тұтады. Олар бүгінгі мерекеге арнап көрме ұйымдастырып, қонақтардың назарына өздері жасаған ракета, ұшақтарды ұсынды. Мектептегі жас шеберлердің бірі   Эльдар Рахматулин де өз ұшағын жасап шығарыпты.

  Эльдар Рахматулин,  Ю.А. Гагарин атындағы №14 мектеп оқушысы:
Мына ұшақты жасауға 1 жылдай уақыт кетті. Алдымен бөлшектеп жасап алдым, кейін оларды бояп, жапсырдым.

Мектепте талай жыл еңбек еткен мұғалімдерге алғашқы қатардан орын берілген. Тойдың құрметті қонақтарының бірі – Анна Кобылкина. Ардақты ұстаз аталмыш мектепте орыс тілі және әдебиетінен 37 жыл бойы сабақ беріп келеді. Осы уақыттың ішінде мектеп қабырғасынан 7 мәрте түлек ұшырған. Зейнеткер Тәуелсіз 20 жылдың ішінде  мектепте оң өзгерістер мол болғандығын айтады.

 Анна Кобылкина,  зейнеткер
-Бүгінгі мектепті мен келген 1968 жылмен салыстырғанда, айырмашылығы жер мен көктей. Бұрынғы кезде білім ордасы нашар жабдықталатын. Қазір адам танымастай өзгерді. Жаңа технологиямен қамтамасыз етілді. Сапалы білім алу үшін бар жағдайлар жасалды.

Ольга Крашенинникова мектепті 1978 жылы тәмамдаған. Мерейтойға орай  Ресейдің Екатеринбург қаласынан арнайы келіпті. Сапарында ең алдымен туған мектебіне соққан.

 Ольга Крашенинникова, Ю.А. Гагарин атындағы №14 мектеп түлегі:
-Мектепке кіргенде балалық шағым еске түседі. Бірінші қабаттан екіншісіне жүгіріп мінетінбіз, форманың ұзындығын сызғышпен өлшеуші едік. Ұстаздарым әлі есімде. Сыныптастарыммен кездескеніме қуанып отырмын.

Оқу ордасының ұстаздары мен шәкірттерін мерейтоймен  құттықтай келген қала әкімінің орынбасары Мәдина Балғашоқова биыл мектепті жөндеуге 7 млн теңге бөлінетінін жеткізді.

.    

Айдана Демесінова