Білім

Петропавлдықтар – халықаралық олимпиада жеңімпаздары

 

 

 
 Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының оқушылары негізгі 6 пәнді ағылшын тілінде оқиды. Солардың ішінде математиканы шет тілінде меңгергісі келетіндердің қатары қалың. Мәселен, 11 сынып оқушылары Сапар Қасенов, Алмат Қырғызбай, Әлихан Ермек ғылымның осы саласын халықаралық тілде үйренуде. Жастардың бұл талпынысы зая кетіп жатқан жоқ. Жеткіншектер сәуірдің үші Грецияда математикадан өткен әлем деңгейіндегі олимпиадаға қатысып, Қазақстанның абыройын асқақтатып оралған. Сапар мен Алмат білім додасына команда құрып барыпты. Белсенділер осы сайысқа бір жарым жыл бойы әзірлеген “Жоғары қолданбалы математика” жұмысын ұсынған. Үміткерлер төрешілер алдына матрица жүйесін экономикада тиімді қолданудың әдіс-тәсілдерін көрсеткен. Команда мүшелері сөздерін айқын мысалдарымен дәлелдеп, І орынды еншілеген. Жеңімпаздар олимпаданың болашақта берер мүмкіндіктері зор дейді.

 Сапар Қасенов, жарыс жеңімпазы:
– Мен бұл халықаралық олимпиадаға қатысқаныма қуаныштымын. Ең бастысы көп ғылыми мәліметтер жинадым.
Алмат Қырғызбай, жарыс жеңімпазы:
-Олимпиада қиын болды. Өйткені проектіні ағылшын тілінде қорғадық. Сол үшін біраз қиыншылықтар шықты.
Себебі, ағылшын туған тіліміз емес. Бірақ біз мектепте ағылшын тілін қолданамыз.

Әлихан Ермек күміс жүлдегер. Ол олимпиадаға жалғыз қатысса да, намысты қолдан бермеуге тырысса керек.

 Әлихан Ермек, жарыс жүлдегер:
– Мен үшін ең қиыны жұмысымның тәжірибелік мәнін түсіндіру болды. Олимпиада қиын болғанымен, қызықты өтті. Жарысқа қатысушылар үлкен бәсеке туғызды.
Сондықтан сәл қобалжып, ойымның нақты түйіндісін жеткізе алмай екінші орынға түсіп қалдым.

Ал дарынды жастардың тағы бір сыныптасы – Әлішер Жанақов осыдан екі апта бұрын Чехияда өткен халықаралық рейтингтік олимпададан келген. Дарынды жастың ғылыми жобасы тақырыбы жағынан қандай қызықты болса, пайдасы да сондай. Жұмыс есту қабілеті нашар азаматтарды ағылшын тіліне оқытуға арналды.

Әлішер Жанақов,  жарыс жеңімпазы:
– Менің жобамның ерекшелігі сол – бұл тақырып бұрын-соңды нақты зерттелмеген. Еңбегім болашақта құлағы нашар еститін азаматтар үшін үлкен көмекші құрал болатыны сөзсіз. Онда көптеген тәжірибелер жинақталған.

Математикадан халықаралық олимпиада ендігі жылы Болгарияда өтеді деп жоспарланған. Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының оқытушылар ұжымы болса, келер жылда да шәкірттерінен толағай табыстар күтеді.

Гүлден Сәрсенбаева