Бизнес және экономика

Қаржы қызметтерінің жәрмеңкесі

 

Экономикасы тұрақты әрі қарқынды дамыған ел мықты. Сондықтан Елбасы кезекті жолдауында республика нарығында шағын және орта бизнестің үлесін 40 пайызға жеткізу керектігін баса айтты. Қаржы жәрмеңкесін ашқан облыс әкімінің орынбасары Самат Ескендіров бұл бағытта өңірімізде бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын сөз етті.

  Самат Ескендіров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-Өткен жылдары үкіметтің үздіксіз қолдауының арқасында шағын және орта кәсіпкерлік нақты экономика секторының ажырамас бөлігіне айналды. Тәуелсіздік жылдары өндіріс саласы жақсарды. Соңғы он жылдықта облысымыздағы кәсіпорындардың өнімділігі орташа есеппен жыл сайын тұрақты түрде 4 пайызға өсіп келеді. Ендігі біздің мақсатымыз заман талабына сай жаңадан бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың дамуына жол салу.

Әлемдік нарыққа енуде Елбасы, біріншіден, кешенді түрде халықаралық талаптарға жауап беретін кәсіпорындардың қатарын арттыруға басымдық беріп отыр. Бәсеке болған жерде санмен қатар сапаның да артатынын бизнесмендер жақсы түсінеді. Қаржы  жәрмеңкесінің басты мақсаты – кәсіпкерлерге сапалы кеңес беру. Істерін дөңгелетемін деген шағын және орта бизнес өкілдерін негізінен қызықтыратыны  –  тиімді несие алу.

  Геннадий Астафьев, СҚО құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры:
– Мен бұл жерден көп мағлұмат алдым. Бүгінде құрылыс индустриясы дамуда. Бұған қатысты жаңадан тиімді қызметтер ұсынылып жатыр екен,  таңдап көруге болады.

Бүгінде облысымыздағы  екінші деңгейлі 16банктің  13-і шағын және орта бизнесті несиелендірумен айналысады.Қаржы институттарының қайсысының болмасын ұсынатын қызметтері де әр клиенттің талғамына сай құрылған.

  Галина Зенченко, Қазақстан Ұлтық банкі СҚОФ директорының орынбасары:
– Жыл басынан бұл банктер 7,5 млрд. теңгенің несиесін беріп үлгерді. Бұл сома өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда 76 пайызға өскендігін байқауға болады. Тиімді болмаса, кім қарызға кіре береді. Сондықтан бұл көрсеткіш өңіріміздегі жеке кәсіпкерліктің дамуының белгісі деп білемін.

Ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қаржылай қолдауға арнайы құрылған Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы да жәрмеңкеде жаңа бағдарламаларын ұсынып отыр.

 Аблан Есентаев:
– 2011 жылдың 2-ші ақпанында үкіметтің 86-шы нөмірімен қаулысы шықты. Көктемгі, жазғы қаржыландыру бағдарламасы деп саналады. Сол бағдарлама бойынша қазір жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінгі уақытта корпорация 10 мың тоннадан артық астық сатып алу жұмысын жүргізді. Сонымен қоса несие беру де 4 млрд теңгелен артық.

Жәрмеңкеге бір адамдай жиылған өңіріміздің қаржы институттары шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қызмет етуге бүгіннен әзірліктерін білдірді. Қызметтері де сан алуан. Алайда өздеріне арналған  жәрмеңкеге ынта танытып келген кәсіпкерлер қарасы аз болды.

Жеңіс Ермұқанов