Билік

Сәуірдің 16-сы – қайырымдылық сенбілігі

 

 

 

Бұл көктемнің алғашқы сенбілігі сәуірдің 16-на жоспарланған. Өткен жылы біраз шаруа атқарылған болатын. Биыл да жоспар ауқымды. Жеңіс мерекесіне орай өткізілетін сенбілікке еңбек ұжымдары, облыстың білім беру, емдеу мекемелері толық қатысуы керек. Сондай-ақ, соғыс ардагерлерінің үйлерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қарттарға қолдау көрсетілмек.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Баршаңызды сәуірдің 16-сы өтетін сенбілікке қатысуға шақырамын. Ұйымдар мен кәсіпорын ұжымдары, оқушылар мен студенттер, тұрғындар қала көшелерін, аулаларды тазалауда белсенділік танытуы тиіс. Соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлеріне көмек көрсету, үйлеріне жөндеу жүргізу қолға алынуы керек.

Жеңіс мерекесіне дейін үш сенбілік өткізу жоспарланған. Облыс орталығында бұл шаралар өткен жылғы жоспар бойынша жүргізіледі. Әр мекемеге арнайы аумақтар бөлінеді. Қоқыс шығарылып, жиектастар әктеліп, көшеттер отырғызу көзделген.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:

– Әк, көлік, сырмен қалалық әкімдік қамтамасыз етеді. Қала тұрғындарының міндеті сенбілікке келіп, еңбектену ғана.

Облыс орталығында Ұлы Отан соғысының 67 ардагері тұрады. 19 мыңнан аса тыл еңбеккерлері бар. Қайырымдылық шарасында бұл ардагерлердің барлығына құрмет көрсетілуі тиіс.

  Асқар Сақыпкереев, СҚО еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы:

Сенбіліктен 79 миллион теңге жиналады деп жоспарланып отыр. 50 пайызы ардагерлер кеңесіне аударылады . Бұл қаржы Жеңіс күніне арналған мерекелерік шараларға жұмсалады. Сондай ақ, 19 мыңнан аса тыл еңбеккерлері мен Чернобыльдегі апат зардабын жоюға қатысқандарға көмек көрсету де жоспарда бар.

Өткен жылғы тәжірибе бойынша әр көше тазалығын белгілі бір мекемеге не басшыға бекіту де қолға алынбақ.  Табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы көктемде отырғызылатын көшеттерді есептеп, бөлуге әзір. Облыс әкімі әр ведомство, басқарма басшысына ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «20 игілікті іс» жоспарын қолға алуды да ұсынып отыр.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Осы жиырма игі істі әр басшы жыл соңына дейін жүзеге асыруы тиіс. Игілікті іс тізіміне ағаш отырғызу, мүгедектерге, жалғызілікті адамдарға, жетімдерге көмекті қосуға болады.

Сондай-ақ  үстіміздегі жылы басшылар аллеясын ашу қолға алынбақ. Әр ведомство аллеяға көшет отырғызып, күтіп-баптайтын болады. Тәуелсіздік саябағын салу да күн тәртібінде бар. Осылайша облыстың бар мекемелері, алдымен мемлекеттік органдары туған қаламыздың тазалығы мен көркі үшін аянбай тер төгетін болады.

Әсем Рахметова