Өнеркәсіп

«Мұнаймаш» тұрақты даму үстінде

 

Бүгінде «Мұнаймаш» АҚ-ның қызметкерлері «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының тапсырысын уақытында орындау үшін тынбай еңбектенуде. Келісім сомасы – 2 млрд. теңге. Штангалық насостың  бір партиясы осы аптада Өзен және Ембі кен орындарына жеткізілмек.
«ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» АҚ жергілікті кәсіпорынның негізгі әріптесі болып табылады. Мұнай өндіретін компаниямен мамыр айында 2 млрд. теңгенің тағы бір келісімі жасалмақ. Бүгінде «Мұнаймаш» өнеркәсіп нарығында мықтап орныққан кәсіпорын. Соңғы жиырма жылда тұрақты дамып келеді. Әлбетте, мемлекет қолдауының нәтижесінде. Алдағы бес жылға тапсырыс дайын тұр. Компания 2015 жылға дейін 10 млрд. теңгенің келісімін жасасып қойған.

  Сергей Григоренко, «Мұнаймаш» АҚ бас директоры:
-Тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде еліміз үлкен жетістіктерге жетті. Оған Қазақстан азаматтарының барлығы куә. Біздің кәсіпорын да егеменді елімізбен бірге дамып келеді. Елдегі тұрақтылықтың арқасында үлкен нәтижелерге жеттік. Бүгінде бірнеше мемлекеттік бағдарламаға қатысып отырмыз. Алдағы уақытқа үлкен жоспарларымыз бар. Өндіріс көлемін арттыруға басымдық бермекпіз.

Осы ретте өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттігін ұмытпаған жөн. Бұл шетел нарығына шығу үшін аса қажет. Механикалық-құрастыру цехындағы  станоктарға 40 жыл. Үстіміздегі жылы кәсіпорын басшылығы бұл қондырғыларды ауыстыруды межелеп отыр. Жақында зауытқа 12 жаңа жапондық станоктар жеткізілмек. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге. Өз кезегінде жаңа қондырғылар еңбек өнімділігін 50-60 пайыз арттыруға мүмкіндік бермек. Қондырғыларды толыққанды жаңғырту дамудың жаңа кезеңіне қадам басуға ықпалын тигізеді деген сенімде кәсіпорындағылар. Оралбек Балғобаевтың мына станокты айналдырып келе жатқанына үш жыл болыпты. Енді жаңа қондырғы жұмысты біршама жеңілдетпек дейді ол. Бүгінде акционерлік қоғамда 150 адам еңбек етеді. Орташа жалақы  95 мың теңге. Компания басшылығы қызметкерлерге әлеуметтік қолдау жасауды да ұмыт қалдырмайды. Ал кәсіпорындағылар мұның барлығын еліміздің жиырма жылда жеткен жетістерімен байланыстырады. Сондықтан компания ұжымы сәуірдің үшінде өткен кезектен тыс Президент сайлауына 100 пайыз қатысқан. Олар өз таңдауларының халық қалауымен үндес келгеніне аса қуанышты.

Айымгүл Әбілева