Қоғам

Қазақстан Президентін ұлықтау

 

 

 Ел тағдырын шешетін тарихи маңызы бар саяси науқанға атсалысқан қазақстандықтардың 95,5 пайызының таңдаулары бір жерден тоғысты. Бір адамдай жұмылып дауыс берген тілегі бір көптің қалауы жарқын болашақтың іргесін  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен  бірге салу. Бүгін біз қазақ елі  шежіресіндегі тағы бір айтулы оқиғаның куәсі болдық. ҚР Президентін ұлықтау рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде ант қабылдады. Мемлекет басшысының өз қызметіне ресми түрде кірісуі елдің тағы бір тарихи кезеңге нық қадам басуы.
   Гүлім Бейсенова “Қазпошта” АҚ облыстық филиалында жұмыс жасайды. Оған қарасты аумақта 2,5 мыңнан астам үй бар екен. Күніне хат, баспасөз материалдарын 100-ге тарта мекенжай бойынша жеткізіп тұрады. Мұнымен қоса осы маңдағы тұрғындармен тілдесіп, олардың мерзімдік басылымдарға жазылуы туралы пікірлерін біліп тұрады. Әсіресе кезектен тыс Президент сайлауы кезінде олар өз таңдаулары жайлы да Гүліммен сыр бөлісіпті.

Гүлім Бейсенова, “Қаз пошта” АҚ СҚОФ пошта тасушысы:
 Еліміз гүлденіп жатыр. Балаларым, немерелерім үшін, еліміз гүлдене берсін деп отбасымызбен даусымызды Нұрсұлтан ӘБішұлы Назарбаевқа  бердік. Жұмысым көп болса да бүгінгі өткен инаугурацияны көрдім. Өйткені ол бізге өте маңызды. Бүкіл халық Президентті таңдағанына мен өте қуаныштымын.

ҰОС ардагері Ақтай Кәкенов та ел үмітін ақтаған, халық сеніміне ие кемеңгер ұлт көшбасшысының игі бастамалары кемел болашаққа жетелейтініне нық сенімді. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария өмірдің бейнетін де, зейнетін де  көріп, тәуелсіз Қазақстанда қызын қияға, ұлын ұяға қондырып, 12 немере сүйіп отыр. 1945 жылы Берлинге дейін жетіп бейбіт аспан сыйлаған ардагер солардың бақыты үшін саяси маңызды науқаннан шет қалмай дауыс беретін күнге жеткеніне қуанышты.

 Ақтай Кәкенов, ҰОС ардагері:
– Кімге берейін мен дауысты Нұрсұлтаннан басқа. Ол бізге тәуелсіздік алып берді,  кім білген Қазақстанның атын, қазір жер дүниенің барлығы біледі. Осының бәрін көтеріп, жасап жатқан Нұрсұлтан. Аш-жалаңаш қалтырған жоқ. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк жүріп жатырмыз. Соғыс ардагерлеріне ол күшті көмек жасайды. Бүгін орнына қойып жатыр жұрт көтеріп, жалғыз Қазақстан емес бүкіл дүние шулап жатыр.  

“Жаңа ақпараттық техналогиялар аймақтық орталығы” ҚБ төрағасы Евгений Голендухин елдің саяси-экономикалық дамуы көптеген инновациялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашқандығын айтады.  Барша қазақстандықтың ынтымақтастығы мен бірлігін жарастыра алған Елбасының көрегендігінің арқасында болашаққа сеніммен қараймыз дейді.

 Евгений Голендухин, “Жаңа ақпараттық техналогиялар аймақтық орталығы” ҚБ төрағасы:
-Біз шетелдердегі әріптестерімізбен тығыз қарым- қатынас жасаймыз. Көрші елдердің үкіметтік емес ұйымдарының жағдайы мүлдем мәз емес. Біз бұл тұста әлдеқайда алда келеміз. Қай саланы алмасақ та әлемдік нарыққа шығып алдық. Еліміздің халықаралық беделі жоғары. Бұның бәрі Президенттің салиқалы саясатының арқасы деп білемін. Бүгінгі өткен инаугурация осының айғағы .


Жеңіс Ермұқанов