Спорт

Каратэшілер ел чемпионатынан 7 алқа әкелді

 

 Ақжан Накеновтың каратэ кёкушинкаймен шұғылдана бастағанына 1 жылдан астам уақыт өтті. Өңірлік жарыстардан үздік көрініп жүрген жасөспірім республика көлеміндегі сайысқа алғаш рет қатысыпты. 50 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшы жақсы көрсеткішпен оралды. Каратэден спорт шеберіне қойылатын талаптарды орындап, қанжығасын алтын алқамен майлады.

 Ақжан Накенов, каратэден ҚР чемпионы:
– 3 мәрте жекпе-жекке шықтым. Алғашқысын жеңу оңай болды. Келесі қарсыласым Семей қаласының спортшысы. Ол 1-дан дәрежесіндегі қара белбеу иегері.Оны жерге жығу қиын болды. Ақтық сайыста да мықты павлодарлық каратэшімен жолықтым. Бұл жолы да бағым жанды.

Ал Владимир Витченко жарыстан 2-ші орынды еншілеп қайтты. Республика чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткен қара белбеу иегері ұлттық құрама қатарында. Енді ол 6-шілдеде Астана қаласында өтетін әлем чемпионатына қатыспақ.

 Владимир Витченко, каратэден ҚР чемпионатының жүлдегері:
-Ақтық кезеңде павлодарлық спортшымен күш сынастым. Жекпе-жек 7 минутқа созылды. Ұйым президенті мен каратэ кекушинкай штабы жұмысымды жақсы бағалады.Өйткені әлем чемпионаты алдында қойған талаптардың барлығын орындап келемін.

Байрақты додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық спортшы жиылыпты. Облысымыздың намысын 30 спортшы қорғаған болатын. Солардың ішінде Қызылжар, Айыртау ауданынан келген жеткіншектер де бар. Барлығы да спорт шеберіне үміткер, спорт шебері нормативтерін орындап келген. Жерлестеріміз командалық есепте үздік бестіктің қатарына енді.

 Айдана Демесінова