ТКШ

Солнечный кентіндегі жолдардың жағдайы мәз емес

 Қар тез еріп, айнала лезде саз болған. Батпақта жаяу жүргіншілерге  үйден шығып, бір жерлерге барып келудің өзі мұңға айналған түрі бар.

 Тұрғын:

 

-Менің немерем күнде мектепке барғанда резеңке етікті алып жүреді. Әйтпесе, бұл жолдармен жүру мүмкін емес.

Солнечный кентіндегі көшелерде тіпті көлікпен қатынаудың өзі қиын. Мәселені шешуге суағарлардың істен шығуы кедергі болып тұр. Қысылған тұрғындар суағарларды тазартуға өздері кірісті. Алайда бұл әрекеттері әзірге нәтиже бере емес.

 Людмила Кранц:
-Қар еріп жатыр. Судың ағып кетер жері жоқ. Жылу құбырын орнатқан кезде суағарларды 1 жақта ғана жасаған. Бұрын ол 2 жақта да орнатылған еді. Еріген қардың суы соларға ағып, жер тез құрғап қалатын. Қазіргі халімізді өздеріңіз де көріп тұрсыздар.

Мына жол өткен жылы ғана жөнге келтірілген-ді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша «Дорожник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жолдың бетіне қиыршық тас төсеген.

 Руслан Мақашев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы Петропавл қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы:
– Автомобиль жолдарымен жұмыс істеу бағдарламасы аясында 2009 жылы Солнечный поселкісінің Садовая, Дачная, Прохладная көшелерінің жолдарына қиыршық тастар себілді. Сонымен қатар Сосновая көшесі бойындағы суағарлар жөнге келтірілді.

Ал қиындық 2010 жылы Солнечный поселкесіне жылу құбырларын тартудан басталған. Кент тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету бағдарламасы бірнеше жылға жоспарланыпты. Оған сәйкес жылу әр үйге жетпек. Мердігер компания «Петропавл спецкоммунстрой» құбыр тарту жұмыстарын жаз айында ғана бастамақ.

Серік Қожанбеков, Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің бастығы:
Әзірге жылу құбырын әр үйге дейін тартуға қатысты құжаттарды дайындап жатырмыз. Өткен жылы Солнечный көшесінде магистральды желілер өткізгенбіз. Бұл іс мамыр айында аяқталады. Кейін ішкі желілердің құрылысы басталады.  

Ендеше Солнечный кенті тұрғындарының мәселесі жақын күндері шешілмейтін түрі бар. Бірақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер өндіріс технологиясына сәйкес мердігер жұмыс орнындағы топырақ пен сазды шығаруға міндетті екенін айтады.  Егер кәсіпорын бұл шарттарды бұлжытпай орындаса, ешқандай шағымдар түспес еді.

Айдана Демесінова