ТКШ

«Петропавл су» есеп берді

 

Есептік кездесуде «Петропавл су» АҚ ұжымына тұрғындардың алғыс жаудыруы жиі кездесе бермейтін құбылыс. Бұл жолғы кездесу кәсіпорын басшылығы мен пәтер иелері кооперативтерінің бірлесе жұмысқа кіріскендігін көрсетті. Арыз-шағымдар, ашынған тұрғындар айғайы азайған. Соңғы жылдары тұралаған кәсіпорынның жағдайы түзеліп келеді. Өткен жылы 711 миллион теңге табыс тауыпты. Бірақ әзірге бюджеттің шығыс бөлігі артығырақ -727 миллион.

Аслан Сатин,  «Петропавл су» АҚ президенті:

-Есепті  жылды кәсіпорын 16,8 шығынмен аяқтады. Алдымен негізгі қызметіміз бойынша 4 миллион шығын тіркелген.

Жұмысшылардың жалақылары 15 пайызға өсті. Бүгінде кәсіпорындағы орташа жалақы 32 611 теңге. Әрі уақытылы берілетін болды. Бірақ тұтынушылардың қызмет ақысын төлеуі ақсап тұр дейді мұндағылар. Абоненттердің кәсіпорын алдындағы қарызы 67 миллион теңгені құрайды.

Аслан Сатин,  «Петропавл су» АҚ президенті:

-Сот шешіміне қарамастан 2010 жылы 695 абонент су үшін 7 миллион теңгенің қарызын өтеген жоқ. Жалпы сот орындаушыларында 1375 іс өндірісте жатыр.

Су үшін қарызды төлету қиынның қиыны. Суды түрлі себептерге байланысты ағыта алмайсың. Ал қарыз өсе береді. Бұл мәселе пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларын да алаңдатады.

 Нина Зуева,  “Заречный” ПИК төрайымы: 

-Біздің кооператив бойынша да су үшін 40-28-30 мың теңге төлемеген тұрғындар бар. Қарызды қалай өндіріп аласыздар.

Аслан Сатин,  «Петропавл су» АҚ президенті:

-Заңнаманы сақтай отыра келісім жасау керек, коммуналдық қызметтің бір түрі үшін төлемеген абонентке өзге қызметті көрсетуді тоқтату керек. Өзге қалаларда осы тәжірибе қолданылып жатыр.

Халыққа сапалы қызмет көрсетіп, колонкаларды жібітіп, кәріздерді тазалау, апаттан құтқару жұмыстарын жүргізу үшін сегіз арнайы техника қажет.

  Сергей Худяков, Петропавл ПИК қауымдастығының төрағасы:

-Бұл техниканы қандай қаржыға алмақшысыздар? Техника алудың жоспары бар ма?

Аслан Сатин,  «Петропавл су» АҚ президенті:

 – Біздің атағанымыз бүгінде аса қажеті. Бұл мәселеден облыс, қала басшылығы хабардар. Қаржылай көмек көрсету жағы да қарастырылып жатыр. Сондай-ақ техника алу мәселесін инвестициялық бағдарламаға да қосамыз. Тарифті көтеру де қарастырылуы керек. Бүгінгі тарифпен ешқандай шаруа атқара алмаймыз.

Кәсіпорын басшылығы тарифті көтеру туралы ұсынысты әзірге жасаған жоқ. Есесіне су ақысын қымбаттататын уақыттың жеткендігін тұрғындар айтуда.

  Татьяна Похомова,  «Палея СКО» ПИК төрайымы:  

– Тарифті аздап өсірген дұрыс. Бізге қиын болғанмен қажетті техниканы алу керек. Әрі , шыны керек, су үшін тариф өте төмен.

Тағы бір мәселе – көшедегі құдық қақпақтарының қолды болуы. Металл қабылдаушылар құдық қақпатарын алудан бас тартуы қажет. Сонда ғана жағдай түзелмек. Бұл мәселені «Петропавл су» кәсіпорнының басшылығы қалалық мәслихаттың  қарауына ұсынып көрмекші.

Әсем Рахметова