Денсаулық сақтау

Денсаулық автокеруені

 

Аққайың ауданына үш жылжымалы кешен жол тартпақ. Жылжымалы флюрография кешені соңғы үлгідегі қондырғымен жабдықталған. Мамандар адам ағзасы болмашы ғана сәуле алатынын айтады.

Наталья Щербакова, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің рентген-зертханашысы:
-«Флюкарт» жылжымалы сандық флюрографиясы жаппай тексеруге арналған. 200 адамға дейін қарай аламыз. Нәтижесі компьютер экранында бірден көрінеді. Яғни, пленка шығармай-ақ, дәрігер тексеріс қорытындысын компьютерден қарай алады.

Өткен жылы біздің облысқа алғашқы жылжымалы маммограф жеткізілген. Венгерлік заманауи сандық қондырғы барынша нақты қорытынды алуға мүмкіндік береді екен. Жылжымалы кешен елді мекендерге барып, әйелдерді жаппай тексеруге жағдай жасайды. Ал сүт бездері ісігін ерте анықтау аса маңызды дейді дәрігерлер.

  Ольга Пукса, облыстық онкологиялық диспансердің рентген кабинетінің меңгерушісі:
-Қазір бізде сүт бездері ісігін ерте анықтау мүмкіндігі бар. Барлық әйелдерді, денсаулықтарына шағымданбағандарын да тексереміз. Өйткені диагноз қаншалықты ерте қойылса, соншалықты ем де нәтижелі болмақ.

Облыстық қан орталығының донорлық жылжымалы пункті аудандарға үнемі шығып тұрады. Бұл жолы мамандар қан зерттеу жұмыстарын қатар жүргізбек.

Алтын Әбдірахманова, облыстық қан орталығының зертханашысы:
-Жылжымалы кешендермен қатар ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін облыстық және қалалық ауруханалардың бір топ дәрігері жол тартады.
Бригада құрамында педиатр, балалар хирургі, гастроэнтеролог және акушер-гинеколог бар.
Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында айырықша назар аударған болатын. Бұл орайда үстіміздегі жылы облысқа екі мобильдік медициналық кешен – автоклиника жеткізілмек.

  Владимир Безлер, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
Аудандарға бүгінгідей бірнеше жылжымалы кешеннің шығуы қажет болмайды. Барлығы бір көліктің ішінде болады. Жалпы дәрігерлік қарау, функционалдық диагностика, акушер-гинеколог, хирург, стоматолог кабинеті, зертхана және рентген қондырғымен қамтамасыз етіледі.

Жоба 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге аспақ.

Айымгүл Әбілева