ТЖ

Тасқын су басу қаупі бар ауыл-селолар бақылауда

 

 

 

 

 

 

Ауа райының күрт жылынуынан сәуір айында әсіресе ойда жатқан кейбір аудандардың су астында қалу қаупі бар дейді мамандр. Қарға сараң болмаған биылғы қыста жауын-шашынның көлемі қалыпты мөлшерден 1,5 есе артық түсіпті. Алдын ала болжамдар бойынша су тасқыны өңіріміздің 10 мыңға жуық тұрғыны бар 30-ға тарта елді мекенін шарпымақ. Құтқарушылар тіпті 2 мыңнан аса адаммен бірге 4 мыңға жуық үй шаруашылығындағы мал басын көшіруге тура келуі мүмкін деп отыр.

Тұрлыбек Танақұлов, СҚО апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарманың бөлім бастығы:
– Оларды қауіпті ауданнан көшіру жоспары құрылып қойылды. Бұл негізінен Есіл, Қызылжар,  Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов, Шал ақын аудандары. Су астында қалу қаупі бар аудандар біздің қатаң бақылауымызда. Тәулік бойы кезекшіліктер құрдық. Табиғи апат орын ала қалса арнайы техника мен адамдарымыздың саны жеткілікті, олар кез келген уақытта көмеке келуге сақадай сай дайын отыр.

Мыңға тарта арнайы техниканың 389-ы су сорғыш машиналар. Жағдай тіпті мүшкілденсе 580-ге тарта ескекті және моторлы қайық бар. Егерде электр энергиясы істен шықса жарықпен уақытша қамтамасыз ететін 250-ден артық қуатты электр көзін таратушы тасымалданбалы құрылғы әзір тұр.

Тұрлыбек Танақұлов, СҚО апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарманың бөлім бастығы:
 -Жолдары кесіліп қалуы мүмкін деген елді мекендер мен аудандарға қажетті азық-түлік пен медициналық дәрі-дәрмектер жеткізілді. Ондағы мобильдік топтар байланыс құралдарымен қамтамасыз етілді. Әрдайым орталыққа есеп беріп тұрады. Ауылдарды судың астында қалдырмас үшін ағын суға тосқауыл қоюға 53 мың тонна құм салынған қаптар дайындап қойдық.
 

Төніп тұрған қауіптің алдын алу үшін 450 мың текше метр қар сыртқа шығарылды. Мыңнан артық су өткізгіш құбырлар мен суағарлар тазартылыпты. Бұл жұмыстарға 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.  Қазір өңірімізде 50 су торабы бар екен. Алайда оның көбі техникалық талаптарға толықтай жауап бере алмайды. 3 жыл бұрынғы көктемгі су тасқыны кезінде Ғ. Мүсрепов ауданына қарасты Чистополье селосындағы гидроқұрылғы істен шыққан. Сол ақау бүгінге дейін жөнделмеген.

Тұрлыбек Танақұлов, СҚО апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарманың бөлім бастығы:
-Шынымен де оның қажетті деңгейде жұмыс істемеуі аса қауіпті. Құрылғыны жөндеу қажет. Әзірге ол біздің қатаң бақылауымызда. Ақау жамалды. Алайда ол уақытша. Күрделі жөндеу жоспарда бар.

Мамандардың айтуынша,  Есіл арнасынан шықпайды. Десе де Заречный кенті мен Ойқала ауданы әдеттегідей ағын судың тұтқынында қалып, жапа шегуі әбден ықтимал. Бар гәп шеткі аудандардың  қардан әлі арылмауында.

Жеңіс Ермұқанов