Спорт

Студенттер арасында шахматтан турнир басталды

 

Интеллектуалдық сайыста М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің студенттері бақтарын сынамақ. Барлығы 13 үміткер. Бұл республикалық универсиадада өңір намысын қолдан бермейтін білікті ойыншыларды іріктеу жарысы болып отыр.

  Асылхан Қараев, жарыс ұйымдастырушысы, шахматтан ҚР чемпионы:
-Турнирге өңіріміздің жоғары оқу орнындағы 6 факультеттің студенттері қатысады. Республикалық жарыстарда бақ сынауға барлық ойыншылар лайықты деп ойлаймын. Бұл өңірімізде шахмат ойының дамып келе жатқандығының белгісі болса керек.

Сайыс 7 кезеңде өтуде. Қатысушылардың әрқайсысы осы аралықта шеберліктерін көрсете білуі тиіс. Көлік және құрылыс факультетінің 4- курс студенті Саян Шәкенов шахмат зеректілік пен ақыл-ойды жетілдіретін спорт түрі деп санайды.  

  Саян Шәкенов, қатысушы:
– Шахматпен айналысқаныма бірнеше жыл болды. Бұл ойын маған өте ұнайды. Біздің университетімізде бұл ойынға көңіл бөлініп жатқанына қуаныштымын. Барлық қарсыластарыма сәттілік тілеймін.

Додада үздік деп танылған 6 жеткіншек мамыр айында Семей қаласында өтетін республикалық универсиадаға жолдама алмақ.

Инеш Шоқақова