Мәдениет

Павлодардан келген көрме



 

Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстары арасындағы әріптестік бірнеше жыл бұрын қолға алынған. Ал кезекті көрмені есімі екі облыс қана емес,  Қазақстан мен Ресейге қатар танылған Павел Васильевке арнау павлодардықтардың таңдауы.

  Бекмұхамед Ислям , Павлодар облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім бастығы:

-Ол Еуразиялық ақын ғой. Ол 1909-16 жылдары Павлодарда оқыды. Ал бірінші сыныпқа сіздерде барған. Сондықтан екі облысқа ортақ.

Павел Васильев бастауыш сыныптарды Петропавлда оқыса, Кереку жерінде ақынның алғашқы өлеңдері дүниеге келді. Ақын шығармалары өткірлігімен, шыншылдығымен, өзгеге ұқсамайтын  жаңа сарынымен ерекшеленді. Талай зиялының өмірін жалмаған қатігез заман құрығынан Павел Васильев те құтыла алмады.  37-нің зобалаңында қара тізімге ілікті. Ақын тек 50-ші  жылдары ақталды. Халыққа оралды. Павлодар қаласында да біздегі сияқты Павел Васильев атындағы көше бар. Мұражай-үйі жұмыс істейді.  Ақын өлеңдері павлодарлық суретші Виктор Поликарпов шығармаларына арқау болды. Ақын сөзі қағазға сурет болып түсті.

 Виктор Поликарпов, суретші:

-Павел Николаевич Васильевтің шығармаларын оқығанда түрлі фантастикалық ойлар келеді. Мен Васильев әлемімен 80-ші  жылы оның шығармаларын қолыма алғанда таныстым. “Ертіс” өлеңін оқыдым. Бұған дейін Ертісті дәл осындай махаббатпен жырлаған ақынды көргенім жоқ.

Шыны керек, бізде көркем графикаға бел шеше кіріскен суретшілер азырақ. Сондықтан Виктор Поликарпов туындыларына қызығушылық танытқандар көп болды.

  Анатолий Бургаев, суретші:

-Бұл көрменің бір ерекшелігі поэзия мен графиканың үндестігі болса керек. Поликарпов ұсынған графикалық парақтар эмоциялық жағынан айырықша дүниелер. Бұл туындыларын көрген адам ақын шығармаларын да жүрекпен қабылдайды деп ойлаймын. Бізге қазіргі керегі де осы.

Көрменің ашылу салтанатына қатысқандар екі өңір арасындағы қарым-қатынастың ұзаққа созылатындығын айтты. Екі жақты әріптестікті жалғастыруды ұсынған павлодардықтар облыстағы кітапханалар мен мұражайларға П.Васильевтің екі томдық шығармалар жинақтарын тарту етті.
Көрмеге келген облыс әкімі суретші Виктор Поликарпов туындыларын тамашалады. Ондаған туындылардан ақынның әр өлеңін еске аласыз. Екеуінің де шығармаларына халықтың өмірі, қазақтың кең даласы, дархан белдері арқау болған. Әр туындының астарында елге деген махаббат жатыр. Бұндай туындылар әр мұражайда болуы керек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Картиналардың бір партиясын біздің мұражайларға, кітапханаларға сатып алу жағын қарастыру керек. Өте құнды дүниелер. Жалпы павлодарлықтардың бұл сапары облыс үшін аса маңызды шара болып отыр.

Көрме сәуірдің 26-на дейін жалғасады. Ал жаз айларында солтүстікқазақстандықтар да Павлодар облысына арнайы көрмемен баруды жоспарлап отыр.

Әсем Рахметова