Құқық қорғау органдары

Бір аптада екі бірдей бопсалау фактісі анықталды



 

 

Полицияға 7 сынып оқушысының ата-анасы арызданып, баласының бұзақылардан жәбір көріп жүргендігін хабарлайды. Жасөспірім өзіне күш көрсеткен жоғары сыныптың оқушысы мен оның 19 жасар танысын енді тиіспейміз деген уәдесі үшін ақшамен қамтамасыз етіп отырған. Жәбірленушінің әке-шешесі оқу жылының басында үйден 70 мың теңге жоғалғанын байқамай да қалыпты. Бұл оңай табысты аз көріп қаскөйлер тіпті алтын бұйымдарды талап етуге көшкен. Әшекей заттардың қолды болғаныны байқағанда ғана ата-ана дабыл қағады. Істің насырға шапқанын көрген баласы басына түскен оқиғаны ата-анасына айтып береді.

  Наталья Милешина, Петропавл қалалық ІІБ аға тергеушісі:
– Сезіктілер алдымен 2000 теңге талап еткен, кейін 3,4 мың теңгеге дейін көтерген. Уақыт өте келе жасөспірімдер өз қызметтерін 7 мың теңгеге дейін өсірген. Ал беретін ақшам жоқ дегесін, алтын бұйымдарды әкелуді талап еткен.

Бұзақыларды анықтау қиын болмады. Оның бірі жәбірленуші  білім алып жүрген мектептің 9-шы сынып оқушысы болып шықты. Ал сыбайласы бұрындары бөтеннің көлігін айдап кетемін деп басы істі болған 19 жасар облыс орталығының тұрғыны екен.

Наталья Милешина, Петропавл қалалық ІІБ аға тергеушісі :
– Қазіргі кезде ҚК 181- бабы бойынша іс қозғалды. Кәмелеттік жасқа толмаған күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ата-анасының қолына тапсырылды. Ал 19 жастағы екінші сезікті қамауға алынды.  

Бұзақылардың ломбартқа тапсырып жіберген әшекей бұйымдары тәркіленді. Өткен аптада дәл осындай тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Облыс орталығындағы колледждің біріне дайындық курсынан өтемін деп келген аудан тұрғыны 7 сынып оқушысының тағдырын қайталады. Колледждің үшінші курс студенті мен оның танысы жәбірленушіден 25 мың теңге талап еткен. Қазір бопсалаушылықпен айналысты деп айып тағылып отырған қос сезікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберіліді.

Жеңіс Ермұқанов