Әр түрлі

Ғарышкерлерге арналған көрме ашылды

 

 

 

Мұражайдағы бұл көрме осыдан 50 жыл бұрынғы тарихи оқиғаны тағы бір жаңғыртты. Мұнда кеңес кезеңіндегі барлық баланың арманына айналған ғарышты алғаш бағындырған барлық азаматтардың суреттері, қолданған заттары, тіпті сол кезде ішкен тағамдарына дейін қойылған. Қазақтың тұңғыш ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың, жерлестеріміз Александр Викторенко мен Владимир Шаталовтың фотосуреттері жиі кездеседі. Ал олардың жеке заттарының біразы Астанадағы көрмеге жіберіліпті.

Татьяна Ланьщикова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі:
-Александр Степанович әуеге 4 рет ұшқан. Оның қолғап, қарындаш сияқты ұсақ заттары қазір Астанада. Арасында өзімен бірге ғарышқа алған ұлының суреті де бар.  

Адамзат айға аяқ басып, аспан әлемін 20 ғасырдың ортасында бағындырғанымен ғарышты зерттеуге ғалымдар ертеден құмартқан. Бұл туралы да азды-көпті мәлімет келгендер назарына ұсынылып отыр. Көрмені мұражай қызметкерлері “Жер үшін ғарышқа” деп атауды жөн көріпті.

 Әлия Усинова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
– Алғашқы ғарышкерлер Т.Мұсабаев пен Т.Әубәкіров болатын. Солар туралы көрмеде көптеген мәліметтер  қойылған. Барлығы мұражай қорынан алынған.

Байқоңыр қаласынан 54 жыл ішінде 1500 ғарыштық аппарат, жүздеген ракета ұшырылыпты. Дәл сол жерден  1961 жылы 12 сәуір күні  Юрий Гагарин аспанға ұшты. Ал сол тарихи оқиғадан 8 жыл өткен соң “Союз – 4” кораблінің экипажы құрамында біздің жерлесіміз де ғарышқа аттанды. Қалалық мәдениет және демалыс саябағына кіреберісте орналасқан ескерткіш  1979 жылы алғашқы қазақстандық ғарышкер-ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Владимир Шаталовқа арналған. Өзінің бала арманын ол 1969 жылдың 14 қаңтарында жүзеге асырыпты. 

Кәусар Аяпбергенқызы