ТЖ

Құтқару қызметі күшейтілген тәртіпте жұмыс жүргізуде

Қазір құтқарушылар күніне бес рет Есіл бойын аралап, адамдарға төніп тұрған қауіп жайлы айтып,  сақ болуды ескертеді. Дегенмен кей азаматтар оған мән бермейді. Әсіресе балықшылар өз өмірлеріне немқұрайлы қарайтын көрінеді.

  Құрманғазы Сүйіндіков, СҚО төтенше жағдайлар департаменті суда құтқарушылар қызметінің бастығы:
Өкінішке қарай біз төніп тұрған қауіп туралы жай ғана ескертеміз. Бірақ оларға қарсы еш шара қолдана алмаймыз. Өзен-көлдің үстінен қуып жіберу немесе айыппұл салуға құқығымыз жоқ. Сондықтан болар, балықшылар айтқан ақылымызды елемейді де.

Балық аулау – Николай Ничаевтың сүйікті ісі. Осы кәсіппен айналысқанына 40 жылдан астам уақыт өткен. Денсаулығы сыр бере бастағандықтан зейнеткер балық аулауға 3 күнде бір шығады екен. Тәжірибелі балықшы қауіп-қатерге қарамай кәсібінен бас тартпақ емес

 Николай Нечаев,  балықшы:
Мен мұздың түсіне қараймын. Егер ол әлі ақ болса, онда қалың деген сөз. Ал қаралау болса, мұздың жұқарғандығын көруге болады.Бастысы абайлап жүру керек.

Қазіргі кезде өзен-көлдердің үстімен жүру өте қауіпті.Мұздың қалыңдығы күн санап жұқарып келеді. Бүгін ол 55-60 см-ді құрайды. Мамандар ата-аналарға балаларын қатаң бақылауға алып, өзен-көлдерге жібермеуді ескертеді. Балықшылардың да абай болғаны жөн. Құтқару кеудешелерін  бірге алып жүрген  абзал.

Құрманғазы Сүйіндіков,  СҚО төтенше жағдайлар департаменті суда құтқарушылар қызметінің бастығы:
Мұз жарылып, жолдасың астында қалатын болса, қашпай, оған жәрдемдесу керек. Қолды созбай, белбеу немесе бөкебайды ұсынып, алып шыққан дұрыс. Міндетті түрде құтқарушыларға, яғни 112 нөміріне қоңырау шалуды сұраймыз. Көмек жеткенше, адамның үстіндегі су киімді шешіп, құрғақ киім кигізу керек.

Суда құтқарушылар қызметінде 32 азамат жұмыс істейді. Жыл сайын олардың кәсіби шеберліктері тексеріліп отырады. Ал осы жылдың наурыз айында құтқарушылар Ғ. Мүсірепов ауданында орналасқан Тайсары су қоймасында өткен республикалық қомандалық-штаб оқуларына да белсене қатысыпты.

Айдана Демесінова