Әр түрлі

Сәуірдің бесі – ҚР көші-қон полициясының күні



 

 Осыдан 18 жыл бұрын елімізде  көші-қон мәселесімен айналысатын арнайы ведомство құрылды. Ел аумағына кіріп-шыққан азаматтарды тіркеуге алу, заңсыз мигранттарды анықтау, тұрақты мекен-жайға рұқсат беру ішкі істер министрлігінің осы құрылымының құзіретінде.
Облыстық көші-қон полициясындағылар үстіміздегі жылдың үш айында облыс аумағы арқылы өткен шетел азаматтары санының артқанын көріп отыр.

 Есенгелді Құлмағамбетов,  СҚО ІІД көші-қон полициясының бастығы:

– 2011 жылдың үш айында миграциялық полицияның бөлімшелерінде 11 665 шетел азаматы тіркелді. Олардың 76-сы алыс шетел азаматтары. Бұл ретте шекара қиюшылардың басым бөлігі көрші Ресей Федерациясының азаматтары.

2008 жылдан бері облыстан шетелге қоныс аударушылар азайған. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын алты жарым мың адам өңірден көшіп кеткен. Ал 2009 жылы  – 3 600 азамат, былтыр қоныс аударушылардың саны 2 600-ге тоқтады. Есенгелді Құлмағамбетов бұл статистиканы еліміздегі әлеуметтік жағдаймен байланыстырады.

Есенгелді Құлмағамбетов,  СҚО ІІД көші-қон полициясының бастығы:

-Үш айдың ішінде 369 облыс тұрғыны шетелге көшіп кеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 24,8 пайызға төмен. Яғни еліміздің тұрмысы жақсарып келеді. Жұмыс бар. Халықтың ешқайда көшкісі жоқ. Керісінше көшіп келушілер саны артты.

Жыл басынан бері 1 930 адам көші-қон заңнамасын бұзғандығы үшін жауапқа тартылған, 65-і ел аумағынан шығарылған. Басқарма бастығы Есенгелді Құлмағамбетовтің айтуы бойынша бұл да үлкен көрсеткіш емес.

Есенгелді Құлмағамбетов,  СҚО ІІД көші-қон полициясының бастығы:

– Бұрнағы жылдары толық автобуспен кетіп бара жатқан жолаушылардың көпшілігі құжатсыз, не мерзімі өткен құжаттармен жүрген кездері болған. Ал бүгінде Келлеровка селосы жанындағы бекеттерде тәулігіне 300-500 жолаушыны тексереміз. Бірді-екі ереже бұзушылықтар ғана тіркеледі.

Құжат ресімдеу залдарында білікті мамандар еңбек етуде. Жылдан-жылға басқарманың, оның бөлімшелерінің материалдық базасы да жаңартылуда.

Юля Дуплянкина:

Жолдасым Әзірбайжаннан келді. Жалпы жылына бірнеше рет осы басқармаға келеміз. Үлкен кезектер болмайды. Қызметкерлер де жақсы қарсы алады.

Өткен жылдың қараша айынан бері көші-қон басқармасы елге оралушы қандастарды қабылдауды да  қолға алды. Ендігі уақытта оралмандардың құжаттары бірнеше басқармада емес бір ғана мекемеде ресімделеді.

Әсем Рахметова