Әр түрлі

Қар суымен күрес

 

  

 

 

Күн жылынысымен қаланың коммуналдық қызметінің жұмысы қызған. Көшелердегі қар суын жинауға қырыққа жуық адам мен 15 техника жұмылдырылыпты. Бұдан өзге су соруға арналған қосымша насостар шығарылған.

  Александр Амелин, “Тазарту, су ағызу және су өткізу ғимараттары” МКК жүргізушісі:
Жұмыс істеп жатқанымызға бір апта болды. Бүгін міне күн жылып, көшелердегі қар еріп жатыр. Енді жұмыс көбейеді. Таңғы тоғыздан өз учаскемізге шығамыз. Бізге бекітілген аумақ – Мир көшесі. Бұл жерде ешқандай мәселе туындамайды деген сенімдеміз.

Күн жылынысымен коммуналдық кәсіпорынның диспетчерлік қызметіне тұрғындардың қоңырау шалуы жиілеген. Түске дейін ғана он тоғыз өтініш  түскен. Басым бөлігі жеке сектордан. Өз кезегінде коммуналдық кәсіпорындағылар көктемгі су тасқынына толық дайынбыз деп отыр. Үстіміздегі жылы бұл бағытқа қалалық бюджеттен 13 млн. теңге бөлініпті.

  Қайрат Файзулин, “Тазарту, су ағызу және су өткізу ғимараттары” МКК директорының орынбасары:
Ақпан айынан бастап дайындалдық. Суағарларды қардан, мұздан тазарттық. Бүгінде техника барлығы дайын. Қосымша насостар бар. Бәрін үлгереміз деп ойлаймыз.

Тәулік бойы жұмыс жасайтын кезекші бригада құрылған. Сонымен қатар үстіміздегі жылы енгізілген жаңа технология жұмыс тиімділігін біршама арттыра түспек.

  Асқар Мырзаев,  “Тазарту, су ағызу және су өткізу ғимараттары” МКК бөлім бастығы:
Үстіміздегі жылы спутниктік бақылау жүйесін орнаттық. Барлық машиналарға арнайы құрылғы орнаттық. Сол арқылы олардың қай жерде екенін біліп отырамыз. Қоңырау келіп түскен кезде сол маңда жүрген көлікті жібере қоямыз.

Коммуналдық кәсіпорындағылар күшейтілген тәртіпте жұмыс жасап жатқанымен, қалада шалшық сулар азаяр емес. Көшелер мен аяқжолдардағы ағын су жаяу жүргіншілерге жайсыздық келтірмей қоймайды.

Тұрғындар:

Биыл қар көп түсті. Оны шығарған ешкім жоқ. Енді көшелерді су басып жатыр. Коммуналдық кәсіпорынның техникалары суды сорып жатыр. Бірақ олар үлгермейді.
Міне “Океан” сауда үйінің алды суға толы. Жүру мүмкін емес. Көліктер суды сорып жатқанымен, азаятын емес.

Тұрғындардың өздері де атсалысса дейді коммуналдық қызметтегілер. Егер жұртшылық үй ауласындағы қарды шығаруға кіріссе, жұмыс әлдеқайда жедел жүрмек.

Айымгүл Әбілева