Билік

Жетімдер баспанасыз қалмауы керек

 

 

 

Облыста 2 770 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 773-і балалар үйлері мен интернаттарда, жасөспірімдер үйлерінде, бөбекжайда тәрбиеленуде. Бұл балалардың екі пайызының ғана пәтерлері бар. Яғни, кәмелеттік жасқа толғанда қолдарына кілттері тиеді. Ал қалғандарына тұрғынжаймен қамтамасыз ету мәселесінің шешімін күтуге тура келеді.

  Темірғали Әбілмәжінов,  облыстық білім беру басқармасының бастығы:

-226 бала пәтерге кезекте тұр. Бұл жалпы санның 8 пайызы ғана. 2 485 баланың пәтер мәселесі мүлде шешілмеген.

Жыл сайын коммуналдық үйлерден жетімдер үшін бөлінетін пәтер де мардымсыз. Мәселен, өткен жылы бір бала ғана баспаналы болған. Ал қалалық әкімдіктің тізімі бойынша 440 балаға пәтер керек. Тіпті бұл мақсатқа қажетті қаржы да есептелген. 720 миллион теңге әр баланы 20 шаршы метр тұрғынжаймен қамтамасыз ету үшін керек.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бұл ретте өз қызметтерін ұсынады. Банк өкілдері балалардың үкіметтен төленетін жәрдемақыларын банктегі есеп- шотта жинау керектігін айтады. Бұл жұмыс облыста 2009 жылдан қолға алыныпты.

  Балахмет Молдинов,  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директоры:

– Бізде балалар үйлерінің, интернаттардың тәрбиеленушілерінің 590 есепшоты ашылған. 26 миллион теңгенің қаржысы түсті. Интернаттар басшылары, тәрбиешілер балалар арасында дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ертеңгі күні бізден несие алып, пәтер ресімдеу жолдарын түсіндірулері керек деп ойлаймын.

Ал бұл балаларды жұмыспен қамту бағытында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Нұрлан Биболаев «Дипломмен – ауылға» жобасының тиімді тұстарын атады. Үстіміздегі жылы бағдарлама бойынша 530 миллион теңге бөлінген. 480 миллион теңге жас мамандарға жеңілдетілген несие беру мақсатында жұмсалмақ.

  Нұрлан Биболаев, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы:

– «Дипломмен – ауылға» жобасы  Елбасының тікелей бақылауында. Біз жастарды еңбек жолын ауылдан бастауға шақыруымыз керек. Осылайша ауылдардағы кадрлық потенциалды өсіреміз, осының арқасында елді мекендердің әлеуметтік құрылымын сақтауға болады.

Жастар ұйымдарының өкілдері де мамандарды қолдаудың маңыздылығын атады. Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов интернаттар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін пәтер кезегіне қоюды нақтылауды, жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесін шешуде бос орындар жәрмеңкесін , кәсіпорындар басшыларымен кездесулер ұйымдастыруды тапсырды.

 Әсем Рахметова