Қоғам

Шетелдік байқаушылар сайлаушылардың белсенділігін атап көрсетті

Еліміздегі кезектен тыс Президент сайлауын бақылауға 57 шетелдік бақылаушы келген. Бақылаушылар мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына көмек көрсету орталығы бұл күндері тәулік бойы ашық тұрды. Сәуірдің төртінде күннің алғашқы жартысында бақылаушылар сайлау бойынша жұмыс қорытындысын шығарды. Олар алдымен Қазақстан халқын жеңіспен құттықтады.  Ресейдің Түмен, Қорған облыстарынан Солтүстік Қазақстан жеріне 33 бақылаушы келген екен.Олардың айтулары бойынша облыстағы сайлау еш кедергісіз , жоғары деңгейде өтті.

 

 

  Валерий Мельников, Қорған облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

-Халық қателік жібермейді. Олар өз таңдауларын жасады. Сіздердің Президенттеріңіз референдумның орнына кезектен тыс сайлау жариялап, жауапты шешім қабылдады. Осы сайлау кезінде 20 адамнан тұратын делегациямыз 140 учаскеде болды. Бақылаушылар толтырған сауалнамалар қорытындысына қарап, сайлаудың заңға сай өткенін көріп отырмын.

Ресейлік бақылаушылар бір ғана ескертуді алға тартып отыр. Оның өзі сайлаушылардың белсенділігімен байланысты .

  Валерий Мельников, Қорған облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

-Бір ғана ескерту айтар едім. Ол жақсы ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде  халықтың жауапкершілігінің арқасында сайлаушылар көп келді. Үлкен кезектер де болды. Сондықтан тілегім өзге сайлаулар кезінде комиссия мүшелерінің санын көбейтсе.

Бақылаушылар облыстың бірқатар аудандарында болған. Барлығы бірауыздан қазақстандықтардың құқықтары толық сақталғандығын айтады.

  Игорь Халин, Түмен облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

-Мен қарттарды қарсы алып, шығарып салып жатқан адамдарды көрдім. Зейнеткерлер үшін дастарқан жаюлы тұрды. Ұйымдастырушылар сайлаудағы басты тұлға дауыс берушілер екендігіне ерекше назар аударған.

Бақылаушылар біздің еліміздегі сайлаудың өткізілуіне қызығушылықпен де қарап отыр. Олар сайлау кезіндегі ақпараттық қолдауға да ерекше көңіл бөлген.

  Сәлкен Сұлтанов, Түмен облысы делегациясының мүшесі:

-Тәртіпті өтті. Бізге ұнады. Сіздерден үлгі аламыз.

 Татьяна Гаранина, Түмен облыстық сайлау комиссиясының бас инженері:

-Сіздер барлық Ресей Федерациясы үшін үлгі болып отырсыздар. Ақпараттық құралдарды көріп шықтым. Барлығы нақты, түсінікті тілмен жазылған. Сайлау учаскелеріндегі құжаттар та тиянақты толтырылған.

Кездесу соңында делегация мүшелері бір-біріне естелік сыйлықтар тарту етіп, тәуелсіз Қазақстанға тату-тәтті өмір тіледі.

Әсем Рахметова