Қоғам

“Елбасымен бірге алға!” форумы

 

 

 

 

Сәуірдің үшінде өткен Президент сайлауында Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Ұлт болашағы, ұрпақ келешегі үшін дауыс берді. Ал жарқын болашаққа қазақстандықтар көреген, дана басшымен бірге қадам баспақ. Халықтың бұл қалауын сайлау қорытындысы айғақтайды. Қазақстандықтар ел тізгінін ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды.

 
Бүкіл елдің қуанышынан солтүстік жұртшылығы да шет қалмады. Орталық алаңға жиналған қалың қауым шат-шадыман. Алдын-ала қорытындылар бойынша, біздің облыста сайлаушылардың 92,3 пайызы дауыс беруге қатысқан. Олар өз таңдауларын жасады. Енді кемел болашаққа сеніммен қарайды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Қазақстан халықаралық үлкен беделге ие. Астанамыз салынып жатыр, ЕҚЫҰ төрағалық еттік, Азиаданы өткіздік.  Осының бәрі Қазақстанның нық алға басып келе жатқанын айғақтайды. Біз Елбасының бастауымен бір командамыз және біздің қолымыздан бәрі де келеді. Алға, Қазақстан!!!

Егеменді мемлекетіміздің қалыптасуына Елбасының сіңірген еңбегі орасан екеніне ешкім талас тудырмайды. Биыл Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына жиырма жыл. Әлбетте, тарих үшін көп уақыт емес. Бірақ осы жылдар ішінде ғасырға татырлық көптеген игі істер атқарылды. Мемлекет басшысының көреген жетекшілігімен, әрине. Елбасының салиқалы саясатының арқасында мемлекеттің экономикалық жағдайы түзелді, халықтың тұрмыс деңгейі көтерілді. Форумда сөз алғандардың барлығының пікірі бір жерде тоғысты.

  Жангелді Тәжин, қалалық мәслихаттың депутаты:
– Халқымыз 20 жыл бойы Елбасының еңбегін көріп келе жатыр. Сонау қиын заманнан бүгінгі гүлденген Қазақстанға жеткізген Нұрсұлтан Назарбаевқа халқымыз бірауыздан дауыс берді. Біз болашаққа сенеміз. Өйткені бізді келешекке бастап апаратын кемеңгер көшбасшымыз бар. Біз Елбасыға сенеміз!

Елбасының барлық бастамалары кейінгі ұрпақ өкілдерінің үлкен қолдауына ие. Сайлауда айырықша белсенділік танытқан жас буын Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімді. Олар мемлекет басшысымен бірге ел игілігіне еңбек етуге әзір.

Елена Косенкова,  М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Президентіміз жас ұрпаққа сеніп, үлкен қамқорлық жасайды. Елбасымыз жастардың сапалы білім алуына бар жағдай жасап жатыр. Біздің мүмкіндігіміз зор. Ендеше біз Елбасының адал жолын жалғастырып, Президентіміздің саясатын қолдап, еліміздің гүлденуіне аянбай үлес қосуымыз керек.

Бүгінгі таңда Қазақстан өркениет жолымен серпінді түрде дамып келе жатыр. Елде тұрақтылық пен келісім мықтап орнаған. Игілікті істерді жалғастыру үшін осы бағыттан таймауымыз қажет деген пікірде жұртшылық.

  Мәдениет Шоқаев:
-Дауысымды ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бердім. 20 жылдан бері ел болашағы, халық болашағы үшін аянбай еңбек етіп келеді.  
 Бақшагүл Нығматова:
-Еліміз бүгінде жақсы дамып келе жатыр. Осындай Елбасымен тек жақсылық болады деп сенемін.

Айымгүл Әбілева