МТРА жаңалықтары

Президент сайлауы тұрғындардың белсенділігі жағдайында өтті

 

 

 

Таңертеңгі сағат он. Сайлаушылардың 23 пайызы келіп , жәшіктерге дауыс беру парақтарын салып үлгерген. Таңмен таласа тұрған сайлаушылардың біразы учаске ашылмай жатып жеткен.

  Әдия Алпысова,  № 734 сайлау учаскесінің төрайымы:

-Таңертеңгі жетіде есікті ашқанда жиырма шақты адам күтіп тұрды.

Сайлауға ертемен жеткендердің басым көпшілігі зейнеткерлер. Сайлауға аяғы жеткен келіп жатыр. №734  учаске бойынша 120 тұрғынның үйлеріне сайлау жәшігі жеткізіледі екен. Ауырып-сырқағандар, төсек тартып жатқандар алдын-ала тізімделген. Енді біреулер сайлауға баруды отбасылық үрдіске айналдыруда. Әбілмәжіновтер отбасы сайлауға кішкентай қыздарымен бірге жеткен. Кішкентай Айша сайлаудың маңыздылығын түсінбесе де, урнаға қағаз салғанды қызық көріп отыр. Ата-аналарының бүгінгі таңдауы – ертеңгі ел болашағы екендігін бүлдіршін өсе келе түсінетін болады. Бұл күні сайлауға алғаш рет келгендерге ерекше құрмет көрсетіліп жатыр. Кәмелеттік жасқа толып, Президент сайлауына қатысқандар үшін бұл ересек өмірге қадам жасаған маңызды күн. Тұрғындарға көтеріңкі көңіл, шат мереке сыйлау үшін облыс көркемөнерпаздары да аянып жатқан жоқ. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды- драма театрының әртістері бұл күні бірнеше учаскеде концерт қойып үлгерулері керек. Әртістер ертерек дауыс беруді де ұмытпған. Сайлау бақылаушылары әр қимылды қалт жіберетін емес. Қанша адам дауыс берді, қандай жағдайлар жасалған –  бұның барлығы тапжылмай отырған бақылаушылар назарында. Таңертеңнен бірнеше учаскені аралап шыққан ТМД елдері миссиясының, ЕҚЫҰ -ның бақылаушылары күннің алғашы жартысы бойынша белгілі шешімге келген.

  Дмитрий Еремеев, халықаралық бақылаушы:

– Әзірге ешқандай ереже бұзушылықтар тіркелген жоқ. Біз сайлау учаскелері ашылмай тұрып кабиналарды қарап шықтық. Урналардың жабылу кезін де көрдік. Сайлаушылардың келу қарқыны жақсы. Таңертеңнен үлкен кезектер көріп жүрміз. Бұл ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесі емес, тұрғындардың жауапкершілігі деп ойлаймын.


Ал № 771 сайлау учаскесіне сағат 12-де сайлаушылардың жартысынан астамы келіп кетті.

Облыстың құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Геннадий Астафьев жұртшылықпен бірге сайлауға келді.  Ортақ істе ауызбіршілік таныту- бұл қазақстандықтарға тән қасиет.

  Геннадий Астафьев,  СҚО құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры:

– Бүкіл әлем өтпелі кезеңде тұр деп ойлаймын. Қазақстан осы бетінен қайтпаса, біздің еліміз жерұйыққа айналады. Құрылыс саласына келер болсақ, біз үш жылдық жоспарлауға көштік. Бұрындары бір жылда еш нәрсе атқарып үлгере алмайтынбыз. Енді үш жылда құрылысқа инвестиция да көбірек салынады деп ойлаймыз. 

Сайлауға қатысқандар аса маңызды шаруа атқарғандарын сезініп, үйлеріне ертеңгі күнге деген нық сеніммен тарасты. Қазақстан осыдан жиырма жыл бұрын тәуелсіздік алып, жеке ел ретінде қадам басса, бүгін халық егеменді елдің азаматтарына сай өз таңдауларын жасады.

 Әсем Рахметова