МТРА жаңалықтары

Науқастар ауруханаларда дауыс берді

 

 

Күллі Қазақстан халқы бір адамдай жұмылған Президент сайлауына қатысу үшін ауруханада ем алып жатқан жерлестеріміз де асықты. № 787 сайлау учаскесінде тіркелген облыстық аурухана науқастарының 20% сағат сегізге дейін дауыстарын беріп үлгерді. Бұл шамамен 100-ге жуық адам. Араларында  осы таңды қобалжи күткен жас сайлаушы да бар екен. Махаббат Нұрғалиева ел үшін маңызды саяси науқанға барлық отандастарымыз қатысуы керек дейді.

 Махаббат Нұрғалиева, сайлаушы:
-Мен үшін сайлауға қатысу үлкен мақтаныш. Дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын. Бәріне рақмет айтамын медицина колледжінде оқып, стипендия алып жатқаныма.

Денсаулықтарына байланысты сайлау учаскесіне келе алмаған науқастарға жәшіктерін ұстап комиссия мүшелері өздері барды. Пульмонология бөлімшесінде   сайлауға алғаш қатысатындар жоқ, дегенмен Қазақстан Республикасының Президентін таңдауға бірінші рет қатысатын Күлбану Мұхаметжанова бар. Ол  4 жыл бұрын Ресейдің Омбы облысынан көшіп келіпті. Қазірде апайдың балалары, 1 немересі мен 2 шөбересі Қазақстанда тұрып жатыр. Қария бейбітшілік пен бірлікті таңдадым, сол үшін дауыс бердім дейді.

 Күлбану Мұхаметжанова, сайлаушы:
– Қазақстанның Президентіне бірінші рет дауыс берейін деп жатырмын. Балаларым, немерелерімнің жақсы тұрмыс құруына тілектеспін.

Менің дауысым маңызды деп санаған пульмонология бөлімшесінің  – 16, лордың – 18, гематологияның  -13 және офтальмология бөлімшесінің  41 науқасы таңдаған үміткерлеріне іштей баталарын бере отырып, тегіс дауыс берді.

 Сайлаушылар:

-Бүгін көпұлтты елде тұрып жатырмыз.  Басқа жерде болып жатқан жамандықтар жоқ. Осы таңдаудан кейін Қазақстанда жақсы жағдай бола береді деп ойлаймын.
-Өз азаматтық борышымды өтедім, сайлау жақсы өтеді деп ойлаймын.

Комиссия мүшелері №787 учаскеде тіркелген азаматтардың дауыстарын қабылдап болды. Енді бүкіл қазақстандықтармен бірге олар да сайлаудың қорытындысын күтпек. Бүгінгі күні облыстық ауруханадағы учаскеде тіркелген 364 азаматтың бір де бірі Қазақстан азаматы ретінде елдегі осынау маңызды шарадан шет қалмады. Олардың 100-ге жуығы дауыстарын учаскеге келіп берсе, қалғаны таңдауларын өз бөлімшелерінде жасады.

 Кәусар Аяпбергенқызы