МТРА жаңалықтары

Ауыл тұрғындары сайлауға белсенді қатысты

Ел тағдыры шешілетін маңызды тарихи науқан дәстүрге сай ҚР  Әнұранымен ашылды. Таң сәріден 354-ші сайлау учаскесіне ағылған чапаевтықтар таңдауларын жасады. Мөрмен бекітілген мөлдір урнаға бірінші болып Анас Тұрмановтың бюллетені түсті.

Анас Тұрманов, сайлаушы:
– Балаларымның болашағы үшін, елім үшін дауыс беруге ең бірінші болып келіп отырмын, міндетімді орындаймын деп.

Темірболат Жұмабаев  – Чапаев селосының ақсақалдар кеңесінің төрағасы. 80-ң сеңгіріне шыққан қария жары Ермек Шаяхметқызымен бірге болашақ президентті таңдаймыз деп ерте тұрып келіпті.

Радик Нагимов, сайлаушы

  Темірболат Жұмабаев , Қызылжар ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
–  70 зейнеткер бар менің қарамағымда, жағдайлары оңды. Үкіметіміз пенсияны қосып жатыр. халықтың жағдайы жақсы. Елім, жерім аман, халқым тыныш, халықтың жағдайы осы күнгіден де гүлдене берсін деп өзімнің сенімді кандидатыма даусымды бердім.

Жарты сағаттың ішінде 30 адам дауыс беріп үлгерді. Әсіресе жастар аса белсенділік таныты.

  Әлішер Мұқашев,  Чапаев негізгі мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі:
– Мен Петропавл қаласында туып өстім. 2007 жылы осында жұмысқа тұрдым. Ауданымыз жас маманға табысты жұмыс жасауға көптеген жағдай жасап отыр. Жыл сайын жалақымыз өсуде, сағатымыз да аз емес. Біздің болашағымыз жастардың қолында. Жастар бір ауыздан дауыс берсе, өте қолайлы болады деп ойлаймын.  

Радик Нагимов ел тағдыры шешілетін маңызды науқанға алғаш рет өз үлесін қосып отыр. Ол биылғы сайлау барлығынан ерекше дейді. Себебі ағымдағы жылы еліміздің тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Белсенді жас әр азаматтың жарқын болашағы өз қолында деп санайды.

  

Мен Қазақстанда туып, осы жерде сапалы білім алдым. Грант иегері атанып, мемлекет қаржысы  есебінде оқыдым. Жақсы білімім үшін шәкіртақы алып тұрдым. Қазір мамандығым бойынша ауылымның гүлденуіне еңбек етіп жатырмын.  

Жалпы бүгінде Чапаев селосында 124 отбасы шаңырақ көтеріпті. 200-ден астам түрғыны бар ауылда қолайлы өмір сүрудің бар жағдайы жасалған. Таза ауыз су мәселесі шешіліп, тіпті көшелер толықтай жарықтандырылған.

Алма Рақпанова, сайлаушы:
Мектебіміз жұмыс істейді. Мәдениет үйінде мерекелеріміз жақсы өтеді. Қажеттінің бәрі бар. Жолымыз жақсы, суымыз бар, жарықтандырылған. Осы жалғаса берсін деп дауыс беруге келдім.

Жалпы 354-ші сайлау учаскесінде 296 адам тіркелген.

  Майраш Әубәкірова,  № 354  учаскелік сайлау комиссиясының  төрайымы
1,5 сағаттың ішінде 100 адам дауыс берді. Ол 34 пайызды құрайды. Әзірге ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ. Барлығы сайлау тәртібі бойынша өтуде. Халықтың белсенділігі жоғары
 

Бұл күні тек денсаулық жағдайына байланысты 21 ауыл тұрғыны азаматтық құқықтарын арнайы орында білдіре  алмады. Негізінен бұл құрметті демалысқа шыққандар мен мүгедек жандар. Десе де урна ұстаған сайлау учаскесінің мүшелері мүмкіндіктері шектеулі жандардың үйлерін аралап, дауыс жинады. Жетпісті желкелеген Шая Сәдуақасованың төсек тартып қалғанына жарты ай болыпты. 7 баладан 10 немере сүйіп отырған алтын алқа иегері саяси науқаннан шет қалмағанына қуанышты.

 Шая Сәдуақасова:
– Балаларымның бақыты үшін дауыс беріп жатырмын. Келешекте немерелерім ел азаматы болып, бәрі де менің балаларым сияқты алға жетсін. Алладан бар тілерім осы.

Сондай-ақ сайлау учаскесінен алыс орналасқан Трудовая мен Нива елді мекендерінің 45 тұрғынына да комиссия мүшелері өздері келді. Жалпы Қызылжар ауылдық округіне қарасты 6 селода 4 сайлау учаскесі қызмет көрсетуде. Қызылжар ауылдық округінің 2,5 мың тұрғыны бар. Оның тең жартысы  ел Президентін таңдауға қатысуда. Таңғы сағат тоғызда сайлаушылардың 25 пайызы дауыс беріп үлгерді. Жалпы Қызылжар ауданы бойынша дәл осы уақытта бұл көрсеткіш 4,3 пайызды құрап отыр. Ал күндізгі сағат екіде Қызылжар ауданы сайлаушыларының 82 пайызы  дауыс беріп үлгеріпті. Бұл 23 мың 494 адам. Осы уақытта аудан бойынша 12 сайлау учаскісінде тіркелгендер бір адамдай 100 пайыз таңдауларын жасапты. Бұл көрсеткішке қол жеткізгендердің қатарында чапаевтықтар да бар.

 Жеңіс Ермұқанов