МТРА жаңалықтары

Ардагерлерге үйде дауыс беруге мүмкіндік жасалды

 

“БЭСТ” гимназиясында орналасқан учаскеде 2211 адам дауыс беруі керек. Әзірге  урнаға 1199 бюллетен түскен. Комиссия мүшелерінің айтуынша,  халық сайлау басталғалы аса үлкен белсенділік танытуда.

  Дмитрий Садовой,  № 720 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:
– Халық сайлау учаскесіне таң атқалы ағылды. Қариялар жасына қарамастан дауыс беруге өздері келіп жатыр. Әрине, денсаулығы мүлдем жарамайтындарға өзіміз кіріп шығамыз.

Комиссия мүшелерінің әрбір іс әрекеті бақылаушылардың назарында болды. Олар дауыс берушінің кабинкаға жалғыз кіруін қадағалап, урнаға салынған бюллетеньдерге санақ жүргізді.

  Нина Кушталова,  “Нұр Отан” ХДП байқаушысы:
– Мен келгенде мына зал адамдарға лық толы болды. Біз урналардың пломбысын тексеріп, барлық жұмыстың дұрыстығын қарап шықтық. Енді міне өздеріңіз көріп тұрғандай жәшіктің жартысы
бюллетенге толып қалды.

 
Дауыс беріп болғандар “Бэст” гимназиясы оқушылары дайындаған концертті тамашалады. Сайлауға қатысушылар мұндай шараның мерекеленуін дұрыс деп бағалайды.

  Николай Кондратов, сайлаушы:
– Ешкім саған мынаған дауыс бер деп қыстамайды. Ол әр адамның шешімі ғой. Сайлауға оқушылар да жақсы дайындалыпты. Концерт ұйымдастырған екен. Өнерлері жақсы.

Сағат 12 кездерінде сайлау комиссиясының мүшелері денсаулық жағдайына байланысты келмеген қала тұрғындарының үйлеріне аттанды. Ондай азаматтардың жалпы саны 71. Сайлауға денсаулығына қатысты себептермен келе алмағандар үйде дауыс беруге алдын ала өтініш білдірген еді. Солардың бірі  – 95 жастағы Марина Коломеец. еңбек ардагерінің айтуынша, ел тағдыры үшін маңызды шарада әр дауыстың рөлі зор. Зейнетке шығып, балалары мен немерелерінің қызығын көріп отырған қарт әже аяғы сыр білдіргенше сайлаудан қалмаған. Енді өз бетінше еркін жүре алмайды.

  Марина Коломеец,  еңбек ардагері:
– Меніңше бұрынғы кезбен салыстырғанда біздің өміріз әлдеқайда жақсарды. Бастысы соғыс болмасын және халық еңбектенуден талмасын.

Комиссия мүшелері болса келесі тұрғынның есігін қағуға кетті. Оларға бұл шұғыл шаруаны аяқтауға бар-жоғы үш сағат бөлінді.

 Гүлден Сәрсенбаева