МТРА жаңалықтары

Сәуірдің 3-і – ҚР Президентінің сайлауы

Солтүстік Қазақстан облысында 398 мың 851 дауыс беруші бар. Оларды таңғы жетіден 755 сайлау учаскесі қабылдап жатыр. 148 мың 330 cайлаушы Петропавлда тіркелген. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметтеріне қарағанда жергілікті уақытпен 14.30 -да 270 мың 118 жерлесіміз азаматтық міндеттерін орындаған. Бұл сайлаушылардың 67,7 пайызы .

 

 №736 сайлау учаскесінде облыс әкімі Серік Біләлов  дауыс беріп, еліміздің жарқын болашағы үшін өз таңдауын жасады. 

 

Облыс әкімі Серік Біләлов өз сайлау учаскесіне таңғы сағат 8.30-да келді. Бұл – халықтың әсіресе көп жиналатын уақыты. Сондықтан кезекте күте тұруға тура келді. Серік Біләлов тіркелген соң, сайлау бюллетенін алып, дауыс беру кабинасына кірді.
Өңір басшысы сайлауға көтеріңкі көңіл күймен келген. Тіпті алғаш рет дауыс берген кезін де еске алды. Әр сайлау – мемлекеттің болашақ даму жолын айқындайды дейді облыс әкімі. Осы тарихи күнде Қазақстан халқы алдағы 5 жылға бағдар жасамақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бүгін мемлекетімізде өте үлкен маңызды күн болып жатыр. Барлық халық сайлауға келіп, осы дауыс беруге барлық жұмыс істелініп жатыр. Ал енді өзім осы сайлауға келіп біздің келешегімізге, біздің ұрпақтарымызға дауыс беріп жатырмын. Мен енді ойлаймын барлық солтүстікқазақстандықтар, менің жерлестерім осы сайлауға келіп, мемлекетімізге дауыс береді деп.

Таң атысымен өз учаскесіне асыққандардың ішінде  аға буын өкілдері көп. Сексеннің сеңгіріне шыққан Рәхила Темірбекова да өз таңдауы көрініс тапқан бюллетеньді мөлдір урнаға түсірді.

 Рәхилә Темірбекова, сайлаушы:
– Сайлауға келдім. Балаларымның болашағы үшін. Аспанымыз ашық болсын. Алла тағала тиыштығын берсін.
 

Дәл осы учаскеге тіркелген Алма Базарбаева тәуелсіз елімізде өткізілген бір де бір сайлаудан шет қалып көрмепті. Бұл жолы да республиканың дамуы жолында саналы таңдауын жасаған.

 Алма Базарбаева, сайлаушы:
-Қазақстанда тұрып жатқан әр азаматтың парызы – сайлауға барып және де ең басты таңдауын жасау. Әр азамат өз елі үшін, балаларының келешегі үшін Қазақстанның бақытты болашағы үшін даусын беруі қажет. Қазіргі таңда Қазақстан жылдан жылға көркеюде. Алда әлі зор жетістіктер бар. Сондықтан әр азамат өз дауысын беруге тиісті.

Сайлау учаскесінің жұмысы 7 байқаушының жіті назарында. Олар сайлау туралы заңның сақталуын бақылап жүр. Бүгін “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев байқаушылардың қатарында. Алдымен өзі тіркелген 727 учаскеде ертесімен таңдауын жасап, енді мұнда дауыс беру барысын байқауда.

Таңат Сүгірбаев, байқаушы:
-Бақылап отырмын, бәрі де заңға сәйкес, қолдарында құжаттары бар, келіп, бюллетеньді алып, дауыс беріп жатыр. Ешкім бөгет жасап жатқан жоқ. Сондықтан да  заң бұзушылық болған жоқ. Қуантарлық жағдайы – жас сайлаушылардың топ-тобымен келуі. Бұрын, әрине, мұндайды кездестірмеген едік. Кезекке тұрып дауыс беріп жатыр. Бұны көріп қуанып отырмыз. Жастардың елдің тағдырына, елдің болашағына немқұрайлы қарамайтындығының белгісі есебінде.  

№ 736 сайлау учаскесіне сайлауға қатысуға тұңғыш рет мүмкіндік алған 212 жерлесіміз тіркеліпті. Олардың басым көпшілігі – Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің студенттері. Болашақ құқықтанушы Гүлжанар Бекенова бүгін көп құқығының бірін пайдаланып қалғанына қуанышты.

Гүлжанар Бекенова, сайлаушы:
-Мен Қазақстанымның болашағын ойлаймын. Өзімнің мамандығым құқықтану болғандықтан әр маман өзінің болашағын ойлайды деген сенімдемін. Мен Қазақстан әлемдегі бірінші орынға шығады деген сенімдемін.

Облыстық балалар мен жасөсріпімдер шығармашылығы орталығында орналасқан № 736 учаскеге Астана, Абай, Тоқсан би, К.Сүтішев, Интернационал мен Бостандық көшелеріндегі 20 шақты көпқабатты үй кірген. Барлығы учаскеде 1404 дауыс беруші тіркелген. Сайлау комиссиясының мүшелері олар ел тағдырына бейжайлық танытпайды деген сенімде.

 Жеңіс Бабжанов,    учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:
– Сайлау учаскесі заңға сәйкес сағат 7-де жұмысын салтанатты түрде бастады. Біздің халқымыз өте жақсы сайлауға қатысып жатыр. Сайлау жақсы өтуге тиісті. Үш жүзден астам адам дауыс берді сағат тоғызда.
 
Учаске төрағасының өзі азаматтық борышын түстен кейінгі уақытта, халық саябырсығанда, № 23 мектептегі учаскеге барып орындауды жоспарлап отыр. Көшпелі урна да  үйде дауыс берушілерге түстен кейін аттанады. Учаскескеге денсаулығына байланысты үйде отырып таңдау жасау туралы елу бір сайлаушы өтініш берген.

Гүлмира Шоқтыбаева