Қылмыс

Петропавлда гүл сататын павильонға қарақшылық шабуыл жасалды.

 

Түнгі сағат бір шамасында Интернационал көшесінде орналасқан «Гезаль» гүл павильонына ер адам кіріп, сатушыға сұрақ қоя бастайды. Бірақ гүлдердің әсемдігі мен алуандығы оны қызықтырмаса керек, ол кенеттен сатушының алқымын қысып, кассадан 15 мың теңгені суырып алады. Ол аз болғандықтан әйелді қайшымен қорқытып, қоймаға кіргізеді. Қолын байлап тастаған соң оның сөмкесінен тағы 10 мың теңгені олжалайды. Полицияға хабар берсе, өлтіретінін айтып, сатушының зәре-құтын одан сайын қашырған соң, қылмыскер ізін суытқан. Есі шыққан әйел құқық қорғау органына келесі күні ғана шағымданыпты.

  Ринат Қосманов, қалалық ІІБ жедел уәкілі:
– Біз жедел анықтау шараларын жүргіздік, қылмыскердің суреті жасалды. Нәтижесінде  бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған 28 жасар РФ азаматы ұсталды.

Тексеріс барысында қызықты жәйт анықталды, күдіктінің азаматтық некедегі әйелі бұған дейін басқа гүл павильонында жұмыс істеген. Екеуінің де иесі бір адам. Ал қарақшының өзі түрмеде 10 жыл отырып, 2009 жылы ғана босаған екен.  Жымқырған ақшасын ұры толық ұстап үлгермепті, олжасының жартысын қайтаруға тура келді. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 179- бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары аяқталғанша күдікті тұтқында болады.

Кәусар Аяпбергенқызы