Әр түрлі

Петропавлда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

 

Таң сәріден бастап солтүстікқазақстандықтар бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне қарай ағылды. Мінездемесі мен еңбек кітапшасын алып, екі қолға бір күрек іздегендер ұйымдастырылған шарадан үлкен үміт күтеді. Себебі білікті маманға деген сұраныс мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жеке меншік кәсіпорындарда да сезілуде. Жұмыс берушілердің ұсынысын тыңдауға 500-ге жуық адам келді.

  Мереке Мұхамедияров, Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының міндетін атқарушы:
– Бүгінгі жәрмеңкеде 37 мекеме бар. 600 бос орын белгіленген. Оның ішінде медицина мамандары жетіспейді. Өткен жолы 66 адам қайта даярлауға жіберілді. 20-сы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Жалпы жұмыссыз отырғандар саны 703.

Толқын Құсайынова  – мамандығы бойынша бухгалтер. Бұған дейін кассир болып істеген  ол жақында қысқартуға ілініп қалған. Енді міне жаңа жұмыс іздеп жүр. Жәрмеңкеде Толқынға мамандығына сай бос орын табылған сыңайлы.

  Толқын Құсаинова:
– Мен өзім бұрын кассада жұмыс істеген едім. Міне, жұмыс табылып тұр.

Дархан Қазиев жұмыс іздеп  ауылдан келген. Өткен жылы банктегі ақпараттық жүйелер саласын бітірген жас маман ауылға барып тәжірибе жинақтауда. Дегенмен, қалада орын тапқысы келеді.

  Дархан Қазиев:
– Мен өз мамандығыма сәйкес орын таба алмадым. Мүмкін ендігі жолы сәті түсер.

Өкінішке қарай жәрмеңкеге келгендердің барлығында бірдей жоғары білімі мен тәжірибесі бар деп айту қиын. Сондықтан жұмыс берушілер де олардың сұраныстарын қанағаттандыра алмай отыр.

  Орынбай Мұқышев, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ күзет қызметінің бастығы:
-Бізге дипломы бар адамдар керек немесе әскерде болған азамат болса да жарайды. Жасы 50-ден аспауы қажет. Ал бүгінгі келгендерден осы талапқа сәйкесі кездеспеді.

Дегенмен бағы жанғандар да аз емес. Бүгінгі жәрмеңке нәтижесі бойынша 174 жұмыссыз кәсіпорындарға кеңесуге шақырту алды. 19-ы мамандығына сәйкес қайта даярлауға жіберілді.

Гүлден Сәрсенбаева