Құқық қорғау органдары

Баспана дауы

 

 

Сату-сатып алу келісімшартына сәйкес Горький көшесіндегі 166- үйдің 61-ші пәтері 2010 жылдың 4 ақпанында сатылған. Бірақ ақшаны қалталарына басқан үйдің бұрынғы иелері жылы мекендерін босатуға асықпаған. Соттың алдына бірнеше рет шақыртылған. Бірақ бір рет те келмепті. Енді оларды үйден күшпен шығару ғана қалды. Үйден шығыңдар деп сан рет қайталаған сот орындаушысының сөзіне олар жауап қатпады. Осы үнсіздікті күткендей-ақ есік сыртындағылар әрекетке көшті. Ал пәтерде заңсыз тұрып жатқан азаматтар есікті ашудан бас тартқаны өз алдына, тіпті белгісіз біреулер мазамызды алып жатыр деген сылтаумен ішкі істер департаментінің мобильді тобын да шақыртқан екен. Сот актілерін орындау бойынша департаменттің мамандары енді есікті күшпен ашуға мәжбүр болды. Жалған шақырту түскен тәртіп сақшылары тез арада жетті. Мән-жайға қаныққан соң жанжал туып қалса, көмегіміз керек болар деген болжаммен олар сол жерде қалды. Ал темір есік оңайлықпен берілмеді. Есесіне, бұл уақытта алаяқтар туралы көршілерден сұрастырудың реті келді. Алайда олардың пікірлері екі айрылды, біреулері олар қарапайым, жақсы адамдар десе, бірі мүлде кереғар пікірде болды. Ақыры, соңғылардың айтқаны дөп келді, есікті ашып үйге енгендерді олар айғаймен қарсы алды.  Бұрынғы пәтер иелерінің дайындаған жауаптары да бар екен. Соған сенсек, жеке кәсіпкерден қарызға үлкен көлемде ақша алған олар кепілге пәтерлерін қойған. Бірақ кепіл келісімшартының орнына сату-сатып алу жөніндегі шартқа тұруды жөн көріпті. Кейін үйлерінің қалайша сатылып кеткенін өздері байқамай қалыпты-мыс. Әлбетте, мұның жақсы ойластырылған өтірік екендігін бәрі түсінді. Ұзаққа созылған қарсылықтан кейін жанжалшылар сәуірдің 1-не дейін уақыт беруді сұрады.

Нариман Назаров, ҚР ӘМ сот актілерін орындау бойынша департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы:
– Екі жақ бір тоқтамға келді. Оған сәйкес бұрынғы пәтер иелері өз еркімен 4-сәуір күні үйді босатады. Өйтпеген жағдайда оларды күшпен көшіруге тура келеді.  

Немереме пәтер алып беремін деп, басы дауға қалған әйелдің  басындағы жағдай облыс орталығында талай рет болған екен. Сондықтан сот орындаушылары қатаң ескертеді: соттың шешімінен бұлтармай, оны мерзімінде және қатаң орындаған жөн.  

Кәусар Аяпбергенқызы