Қоғам

Сайлауға әзірлік пысықталуда

 

 

 

Төрағалар мен хатшыларға № 727 сайлау учаскесі үлгі ретінде көрсетіліп отыр. Бақылаушылар мен БАҚ өкілдері, сенімді тұлғалар үшін арнайы орындар белгіленген. Перде тұтылған кабиналарда азаматтар өз таңдауларын жасайды. Дауыс беру парақтарына арналған жәшік те сайлау күнін күтіп тұр. Саяси маңызды науқан күнгі атқарылар жұмыстармен учаске мүшелері таныс. Бірақ жауапты сәт алдында даярлық тағы бір нақтыланбақ.

Николай Петров, Петропавл қалалық сайлау комиссиясының төрағасы:

-Сайлау учаскелері толық жабдықталды. Сайлаушыларға шақыру қағаздары таратылды. Дегенмен тізімдер әлі де нақтыланып жатыр. Бүгінгі семинарда сайлау учаскесін ашудан дауыс санауға дейінгі бар жұмысты пысықтаймыз.

Барлық  учаскелерде дауыс беру таңертеңгі  сағат 7 -де басталады. Ал учаскелер таңғы алтыда ашылуы керек. Сайлаушыларды қабылдау, дауыс беру тәртібін түсіндіру үшін орталық сайлау комиссиясынан арнайы фильм де жеткізілген. Облыс орталығында 87 сайлау учаскесі бар. Сайлауға дайындық басталғалы учаске мүшелері үшін 7 рет арнайы семинар ұйымдастырылған.

  Әдия Алпысова,  № 734 сайлау учаскесінің төрайымы:

-Бірінші рет қатысайын деп жатырмын. Семинарлар жақсы өтеді. Даярмын, сайлауды жақсы өткіземін деп ойлаймын.

Бұл сайлау алдындағы соңғы семинар. Учаскелердің мүшелері мен төрағалары жауапты шараға даярлықтарын көрсетті. Ендігісі кезектен тыс Президент сайлауын жоғары деңгейде өткізу.

Әсем Рахметова