Құқық қорғау органдары

Бұрынғы ректор бас бостандығынан айырылды

 

 

 

 

 

 

 

Қалалық соттың судьясы Алмас Жұмағазин  «Қазақстан-Ресей» кейін  Солтүстік Қазақстан  гуманитарлық-техникалық университетіне білім қуып келіп, сан соққан жастардың тізімін оқып жатыр. Оқу орны ректорының заңсыз әрекетінен жүздеген  студент іздегенін таппай, уақыттары мен ақшаларын сарп еткен. Маман иесі атанамын дегендердің арманын орындауға уәде берген универсиитет басшылығы сөзінде тұрмады. Бар гәп аталмыш жоғарғы білім ордасының 2008 жылдың 1-ші қыркүйегінде оқыту лицензиясынан айрылуында жатыр. Ал университет ақылы білім беруін 2010  жылдың қаңтарына дейін тоқтатпапты. Осы уақытта оқуларын  бітіріп үлгерген студенттердің  дипломдары да заңды емес болып шықты. Біразы  тіпті оқу процесінің орта жолында қалыпты. Сотқа барлығы 131 арыз түскен. Бұл оқу мекемесінің заңсыз әрекетінен жапа шеккендердің 3-тен бір бөлігі ғана. Ректор Аманжол Молдабаев білім берумен  айналысуға рұқсат беретін қағазды әне-міне аламыз деп студентерді  алдап жүрген. Сөйтіп жүріп университеттің атын да өзгертті. Десе де  заңсыз қызметі  әшкереленіп оқу мекемесі жұмысын тоқтатты. Аманжол Молдабаевқа заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айып тағылып отыр. Қызметкерлерге  –  4 млн. теңге, ал студентерге 74 млн теңгенің шығынын келтіргені дәлелденді. Бір жыл бойы тергелген қылмыстық іс 15 томнан тұрады. Бар дәйектерді қорытып сот істің үкімін шығарды.

Алмас Жұмағазин, Петропавл қалалық сотының судьясы:
Сот Молдабаев Аманжол Қаденұлын ҚР ҚК 177 бабының 3-ші тармағы мен 190 баптың 2-ші тармағына сәйкес жасаған қылмыстарына кінәлі деп тауып, 6 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Және бар дүние-мүлкі тәркіленсін. Жазасын жалпы тәртіптегі түзету мекемесінде өтейтін болады.  

Сот  үкімі шыққанға дейін Аманжол Молдабаев ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген болатын. Енді міне сот залында кісенделіп, қамауға алынды.  
Ал алданған студенттердің арыздары азаматтық соттың қарауына жіберілетін болады.

 Жеңіс Ермұқанов