Білім

Жас шеберлер байқауы



Жарыс 2 кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылар теориялық білімдерін көрсетсе, кейін білгендерін тәжірибе барысында ортаға салуы тиіс. Жыл сайын өтетін байқау биыл 40 сайыскердің басын қосып отыр.

Фарида Әбілғазина, ОБЖШО әдіскері:
– Бүгін міне облысымызда білім басқармасы, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы кәсіптік шеберлік байқауын өткізіп жатыр. Бұл байқауымыз тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналады. Ауданнан келген балалар бар, қаланың балалары бар. Арнайы түзету мектеп-интернаттарының балалары бар.

 Аспаздар сайысында оқушылар үй тапсырмасы ретінде “Чак-чак” әзірледі. Ал дәл жарыстың үстінде қатысушының әрбірі палау мен салат дайындауы тиіс.
Юлия Ершова байқауға алғаш рет қатысып отыр. Бойжеткен қазылар алқасы жүктеген тапсырмаларды шапшаң орындап, тағамын әрлендіріп те үлгерді. Нәтижесінде үздік аспаз атанды.

  Юлия Ершова, сайысқа қатысушы:
– Өзімді аспаз ретінде сынағым келді. Алма және қызанақтан салат жасадым. Палау пісірдім және кофе әзірледім.

Жас ұсталар болса, есік тұтқасын жасаудан бәсекеге түсті. Темірден пайдалы заттарды жасау – Иван Метрошиннің сүйікті ісі. Бұл   17 жасар бозбаланың сайысқа 3-ші рет қатысуы. Өткен байқауларда жолы болмағанымен, соңғысына жақсы дайындықпен келген.

  Иван Метрошин – сайысқа қатысушы:
– Мен үздік ұста атанғым келеді. Көп дайындалдым. Бұл жолы бағым жанады деп үміттенемін.

“Талаптыға нұр жауар” демекші Иванның жұлдызы жанып, жеңіске жетті. Бұл жарыста түзету мектеп интернатының шәкірті Андрей Суковых та 1-орынға ие болды. Ал тігіншілер болса ұйымдастырушылар дайындаған нұсқау қағазына қарап алжапқыш тікті. Бұл байқауға 13 бойжеткен жиылды. Солардың бірі – Айыртау ауданының намысын қорғаған Екатерина Кузьмина. Ол іс тігуді анасынан үйреніпті. “Өзгелермен бірге өз мүмкіндіктерімді сынағым келді” дейді Екатерина

Екатерина Кузьмина, сайысқа қатысушы:
– Біз оқытушым екеуміз көп дайындалдық. Эскиздер, сызбалар жасадық. Бірнеше рет тігіп те көрдік. Тігу ісімен кішкентай кезімнен айналысамын.

Сондай-ақ ағаш ұсталарының да байқауы ұйымдастырылды. Онда Мағжан Сәрсенбаев пен Дамир Валиулин үздік деп танылды. Сайыс жеңімпаздары диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айдана Демесінова